НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз — Sputnik. Атырау тұрғыны Ария Кимді өз пәтерінде сарышаян шағып алды. Жедел жәрдем әйелді қарап, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деген.
Атырау тұрғыны болған оқиға жайында Facebook желісіндегі "Врачи Атырау – у кого и где лечиться" тобында жазды.
"Сәлеметсіз бе, не істеуге болатынын айтыңыздаршы. Сарышаян шағып алды, суретін қоса салып отырмын... Оң аяғым бір минутқа жансызданып қалды. Шаққан жері аздап ауырады. Шошып кеткенімнен бе, әлде сарышаян шаққаннан ба – әлсіздік бар. Жедел жәрдем келіп, спирттен компресс жаса деп кетті", - деп жазды Ария Ким.
Белгілі болғандай, бұл өңірде сарышаянның адамды шағуы бірінші рет болып отырған жоқ. Бұл жайында посттың астында пікір қалдырған қолданушылар хабарлады. Олардың айтуынша, сарышаянның уы адам өміріне қауіп төндірмейді.
"Бұл сарышаяндардың уы қауіпті емес", - деп жазады Turar Jumagaliyev.
"Суретке қарағанда, тура пәтерінде шаққан. Неге бұлар белсенді болып кетті? Өткенде ғана құрбымды сарышаян шағып, үш күн ыстығы көтерілді, бірақ дәрігерлер ешқандай дәрі жазып берген жоқ", - дейді Taganbayeva Akmaral.
Тағы оқыңыз: Нәресте улы сарышаян 7 рет шаққан соң аман қалды
"Екі жасар қызым екеуімізді де сарышаян шағып алды, жедел жәрдем спиртпен компресс жаса деді. Негізінде, сұмдық ештеңе болған жоқ. Жай шошып кеттік. Қызым тіпті байқаған да жоқ. Бірақ сақтанып, екпе салғызып алдық", - дейді Ғалымбек Жаменов.
Дегенмен, мамандар улы жәндіктер шаққанға бей-жай қарамай, бірден дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес берді. Медицина қызметкерлері ғана науқастың жағдайын көріп, салдарын анықтай алады.