Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 26 шілде

© Sputnik / Владислав Воднев26 шілде - күнтізбе
26 шілде - күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесінде 207-ші күн. Жыл соңына дейін 158 күн бар

26 шілдеде не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

26 шілдеде қандай қызықты оқиға болды

Бүгін әлемнің көптеген елінде Халықаралық жүйе әкімшісі (системный администратор) күні аталып өтеді. Бұл мамандық иесінің арқасында су жаңа компьютер іске жарамды құрылғыға айналады. Жүйе әкімшісі халықаралық фирмалар мен ірі кәсіпорындарға жоғары өндірістік желі құрады, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды. Қарапайым адамдардың дербес компьютерлерін "тірілтіп", тиімді қызмет атқаруына жағдай жасайды. Бұл мерекені тойлауға 2000 жылы Чикаго қаласында тұратын жүйе әкімшісі Тед Кикатос бастамашы болды.

Ресейде Парашютист күні тойланады. Бұл – парашют десе ішкен асын жерге қоятын әуесқойлар мен білікті кәсіпқойлардың мерекесі. 1930 жылы 26 шілдеде Б. Мухортов мен Л. Минов бастаған бір топ кеңестік ұшқыш-парашютист Воронеж түбінде ұшақтан бірнеше рет секіруіне орай осы мейрам бекітілген болатын. Өйткені бұл оқиға парашютизмнің бүкіл КСРО-да жаппай дамуына себепші болған еді.

Сонымен қатар бүгін әлемде Эсперанто күні аталып өтеді. Эсперанто - Людвиг Маркович Заменгоф ойлап тапқан алғашқы жасанды тіл немесе таңбалар жүйесі. Польшаның Белосток қаласында орыстар, беларустер, литвалықтар, поляктар, немістер және еврейлермен көрші тұрған Заменгоф жасанды тіл ойлап тауып, алғашқы еңбегін Эсперанто – "Үміттенуші" деген лақап атпен шығарған болатын. Кейін бұл сөз жасанды тілдің атауы болып кетті. Кей деректерге сүйенсек, осы тілде сөйлейтін адамдар саны қазір екі миллионға жетіпті.

26 шілдеде әлемде болған тарихи оқиғалар

1937 жылы Жапония Қытайдағы әскери іс-қимылын бастады;

1953 жылы 27 жастағы Фидель Кастро бастаған кубалық төңкерісшілер Сантьяго-де-Куба қаласындағы Монкада әскери казармасын күшпен басып алды. Бұл күн Кубада ұлттық мереке ретінде аталып өтеді;

1998 жылы АҚШ-тың Иллинойс штатында 246 парашютист аспанда қол ұстасып, шеңбер жасады (әлем рекорды);

2005 жылы "Колумбия" апатқа ұшырағаннан кейін алғаш рет "Дискавери" ғарыш кемесі ұшырылды.

26 шілдеде Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды;

1920 жылы Сәкен Сейфуллин Ақмола атқару комитеті мүшелігіне қабылданып, комитет төрағасының орынбасары болды;

1968 жылы алты мың сөз бен ұғымнан тұратын "Абай тілі сөздігі" баспадан шықты;

1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркі құрылды;

1994 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы" жарлыққа қол қойды;

2004 жылы үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстан аумағында үш сағаттық белдеудің орнына екі сағаттық белдеу белгіленді;

2016 жылы төлем нарығындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заң қабылданды.

26 шілдеде дүниеге келген танымал тұлғалар

1856 жылы ағылшын драматургі әрі романтисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Бернард Шоу  дүниеге келді. 

1894 жылы ағылшын жазушысы Олдос Леонард дүниеге келді;

1959 жылы "Оскар" жүлдесінің екі мәрте иеленген америкалық киноактер Кевин Спейси дүниеге келді;

1964 жылы америкалық актриса Сандра Буллок дүниеге келді.

26 шілдеде Қазақстанда кім туды

1936 жылы жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Маршалл Әбдіхалықов дүниеге келді;

1936 жылы қоғам қайраткері, ғалым, офтальмолог, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Жанар Мұстафина дүниеге келді;

1948 жылы дирижер, Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірәшев дүниеге келді;

1950 жылы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков дүниеге келді;

1954 жылы мемлекет қайраткері Әділбек Жақсыбеков дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Торпақ белгісінде орналасады. Бүгін ерте тұрып, бірден іске кіріскен жөн. Күні бойы талай шаруаны тындыруға мүмкіндік туып тұр. Не болса да, көңіл-күйіңізді түсірмеуге тырысыңыз.

Жаңалықтар
0