НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Анасы туған сәбиін есіктің алдына тастап, хат қалдырған, деп жазады Metro басылымы.
Орландо қаласында жылап жатқан нәрестені анасы үйлердің бірінің есік алдына тастаған. Жас ана сәбиін көйлекке орап, оның арасына сұмдық жайтты баяндайтын хат қалдырыпты. Онда нәрестенің әкесі оларды өлтірмекші болғаны әрі сәбиінің кеше ғана дүние есігін ашқаны жазылған.
"Ол жуынатын бөлмеде болды. Сәбиімнің әкесі бізді өлтіргісі келді. Бұл жағдайды құпияда ұстап, баланы ауруханаға апарыңыздаршы, өтініп сұраймын! Оның әкесі – қауіпті адам. Мұндай жағдайдың болуы өте өкінішті. Мен оны жуындырып, тамақтандыруға тырыстым", - делінген нәрестенің жанынан табылған хатта.
Жылап жатқан сәбиді тұрғындар тауып алып, полиция қызметкерлерін шақыртты. Олар баланы ауруханаға жеткізіпті.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің денсаулығы жақсы, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Тәртіп сақшылары сәбидің анасын іздеуге кіріскен.
Тағы оқыңыз: Дәрігер ата-анасының көз алдында жан тапсырған сәбиді тірілтті – видео
Флорида штатының заңына сәйкес, ата-аналардың жаңа туған сәбилерін тастап кетуге құқығы бар. Бірақ олар нәрестені қауіпсіз жерге: аурухананың, өрт сөндіру бөлімінің алдына қалдыруы шарт.
Орландо қаласының полиция сержанты Берналь сәбидің анасы баласын есіктің алдына қалдырып, заңды өрескел бұзғанын айтады.
"Өте ауыр жағдай. Ол кеше ғана өмірге келген нәресте ғой", - дейді тәртіп сақшысы.