НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында қорықшыларға жасалған шабуылдан кейін заңнаманы қайта қарауды тапсырды.
"Қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет", - деп жазды мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) July 25, 2019
Сонымен бірге Тоқаев шабуыл кезінде қаза тапқан қорықшының отбасына көмек көрсетілетінін атап өтті.
"Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!", - деді президент.
Ақмола облысында қорықшыларға жасалған шабуыл
23 шілдеде Ақмола облысы Бірсуат ауылында төрт қорықшы ақбөкендерді қорғау мақсатында өңірді көлікпен шолуға шыққан.
Олар "Нива" көлігін мінген браконьерлердің үстінен түсіп, тәртіп бұзушылар қорықшыларға оқ жаудырады. Оқиға салдарынан жарақат алған Қаныш Нұртазин көз жұмды. Екінші қорықшы Самат Оспанов кеудесі мен иығынан жарақат алып, қазір ауруханада жатыр.
Тағы оқыңыз: Ақмола облысында қорықшыны өлтірген адам қалай ұсталғаны белгілі болды
Қылмыс жасады деген күдікпен Арқалық тұрғыны ұсталды.