АЛМАТЫ, 25 шілде — Sputnik. Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі туралы айтты. Олар 24 шілде күні Кремльде жолыққан болатын.
Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесімен оның жақтастары бөлісті, - деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
"Ресей Қырғызстанның досы әрі стратегиялық әріптесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алайда елдің ішкі мәселелерін біз өзіміз шешеміз", - деді саясаткер.
Мәлімдемеде түрлі мәселе бойынша келіспеушілікті шешу үшін екі тарап та өз үлесін қосуы керек екені айтылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Билік сотта істі қараған кезде әділдік танытуы керек. Қарсыластарды саяси қудалауды тоқтатқан дұрыс. Жээнбеков тарапынан осындай қадамды көрген кезде оппозицияның күн тәртібі бірден өзгереді", - деді Қырғызстанның экс-президенті.
Оның айтуынша, бұл әдіс елдегі саяси ахуалды жақсартуға сеп болады.
Тағы оқыңыз: Мың жарым милиция қызметкері Атамбаевты күшпен ұстауға дайындалып жатыр
"Жээнбековтың ел игілігі үшін жұмыс істей бастағанын және оппозицияның сайлауға дайындалып жатқанын көрген кезде ғана халық тыныштанады. Саяси тұрақтылық орнайды. Біз билік тарапынан нақты іс-әрекетті қыркүйек айына дейін күтеміз", - деді Атамбаев.
Еске сала кетсек, 13 маусым күні Қырғызстан парламенті арнайы комиссия құрған болатын. Комиссия Алмазбек Атамбаевтың алты қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін деген қорытынды жасады. 20 маусым күні Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, Бас прокуратураға жіберген.
Кейін бас прокурор алты фактінің бесеуі бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін айтты. 27 маусым күні Жогорку Кенеш Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы шешім қабылдады.
Бұдан соң саясаткердің үйінің маңында жақтастары жинала бастады. ІІМ тергеу тобы Атамбаевты үш рет жауап алуға шақырды. Алайда ол барған жоқ. Жогорку Кенеш шешімін заңсыз деп санайтынын алға тартқан. Атамбаев Коституциялық палатаға талап жолдады.