НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik, Арман Асқар. Балкен Бүркітбаев өз-өзіне қол саламын дегенде өзін құдіретті күш аман алып қалғанын айтады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген қария тағдыр тауқыметіне қалай ұшырағанын және кімнің арқасында тығырықтан шыққанын әңгімелеп берді.
"Бір көргеннен ғашық болдым"
Балкен Серікбайұлы астана маңындағы Ильинка ауылында дүниеге келген. Ресейдің заң университетінде білім алғаннан кейін туған жеріне келіп, бұрыңғы Целиноград қаласының милициясында жұмыс істеді. Бір күні оны жұмыс бабымен корпоративті техникумның жатақханасына жібереді. Жас милиционер сол жерде сұлу студент қызды кездестіріп, бір көргеннен-ақ ғашық болып қалды.
"Жатақханада бір жанжал болды. Бізді соған шақырған ғой. Қарасам, төменде бір қыз отыр. Содан екеуіміз таныстық. Аты – Райхан. Бірақ бәрі Рая деп атайды екен. Колутоннан келдім деді. Бір ретте ол жерге өзім де іздеп бардым. Сол кезде өзі Ақмолаға жұмыс істеуге барамын дегені есімде. Маған керегі де сол ғой (күлді)", - деп еске алады Бүркітбаев.
Райхан 20 жасқа толғанда Балкен екеуі үйленді. Тойды үйде жасап, дос-жаран, туған-туыстың ортасында атап өтті. Бір жылдан кейін Бүркітбаевтар әулетінде қыз бала дүниеге елді. Атын Гүлнәр деп қойды. Ал екі жылдан кейін тағы бір қыз туды. Оның есімін Жанна деп қоюға келісті.
"Жынданып кете жаздадым"
Уақыт зымырап өте берді. Гүлнәр ауыл шаруашылық институтына түсті. Артынан сіңлісін де жетектеп жүріп, тура сол оқу орнына түсірді. Ол кезде Балкен ағамыз жұмысын ауыстырып, теміржол саласында қызмет етіп жүрді.
"Біз сәлемдемелерді және тағы басқа жүктерді тасып жүрдік. Поезға бірнеше вагон тіркейді де, басшылық ана жаққа апару керек дейді. Соған кетеміз. Ол жұмыспен Қазақстанды аралап шықтым, Ресейдің де біраз жерін көрдім", - дейді ол.
Тағы оқыңыз: Жетпіс жыл отасқан ерлі-зайыпты бір күнде көз жұмды
Тура сондай бір алыс сапардан кейін Балкен ағаның жұбайы мен қыздары отбасылық дәстүр бойынша әкесін күтіп аламыз деп келіседі. Ағаның өзі де вокзалға жақындағанда вагонның терезесінен бірден сүйікті жары мен балаларын іздеуге кірісетін.
"Сол күні терезеден отбасымды таба алмадым...Вагоннан шықсам, бастық тұр. Неге тұр деп ойладым. Туыстарым да келді. Бас кезінде бәрі мені күтіп алуға келді ме деп ойлап қалдым. Ал отбасымның жол апатына ұшырағанын естігенде жынданып кете жаздадым...", - дейді Балкен аға.
"Асылып өлгенім артық деп ойладым"
Сол күні Гүлнәр тұрмысқа шығайын деп жүрген жігітіне өтініш жасап, әкесін вокзалдан күтіп алуды сұрайды. Екеуі көлікке мініп, жол-жөнекей Райхан анасы және Жаннаны ала кетеді. Ал вокзалға жақындағанда ірі жол апатына ұшырайды. Сол жерде барлығы қаза болды.
Балкен аға қайғыға салынып, қатты жүдеді. Жұмыстан шығып кетті. Өз-өзіне қол салуға дейін барды.
"Мен жалғыз тұрғанда асылып өлемін деген шешімге келдім. Қораға барып, бәрін дайындадым да, хат жаздым. Бір уақытта Лида деген көрші кіріп келіп, "Борис, Борис, что ты здесь делаешь? А что тут веревка висит?" деді. Мен ұялып қалдым. Жай қораны жинап жүрмін деп ақталдым. Дегенмен, ол бірден сезіп қалды. Қолымнан жетектеп, қорадан алып шықты", - дейді Балкен аға.
"Туыстан айырылмаңыздар!"
Балкен аға қиын жағдайға тап болғанда туған-туыстың көмегі зор болғанын жеткізді. Ағасы қайғыдан қан жұтып отырған інісін алып кеткенде құр сүлдесі ғана қалған, тәлтіректеп жүрді. Бірақ туыстың ортасында өз-өзіне келе бастады.
"Сондықтан барлығына айтарым, туған-туысқаннан айырылмаңыздар! Қиын жағдайда олардың қолдауына, олардың көмегіне ештеңе жетпейді екен. Мен ағамның үйінде үш айдай жүрдім де, жұмыс істеп кеттім. Бертін келе, ағам қайтыс болды. Бірақ ағамның балалары бар", - деді Бүркітбаев.
Ағасы қайтыс болғаннан кейін Балкен аға өз қалауымен қарттар үйіне (қазіргі кезде қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме - Sputnik Қазақстан) келген екен. Ағасының балалары қарсы болса да, қария жастарға масыл болғысы келмеді.
"Олар аға қайда барасыз, біздің үйіміз ұнамай ма?" деді. Мен "ешқайда бармаймын, өзіміздің Ақмоламызда боламын" дедім де, осында келдім. Міне, биыл 9 жылдан асты. Шынымды айтсам, інілерімнің үйінде тұрған ыңғайсыз. Шай бер, ананы әкел, мынаны әкел деп қалай сұраймын? Содан осында келдім. Бұл жерде адамдарды жақсы күтеді. Бас кезінде екі жылдай жұмыс істедім. Сол үшін жалақы да төледі. Қазіргі ғимараттың тұрған жері тамаша. Апта сайын концерт қойылады. Осындағы қыздар анда-санда биге де шақырып тұрады (күлді)", - дейді ол.
Ал ағасының балалары апта сайын келіп тұрады. Үйдің тамағын, тәттісін әкеледі. Бірге тұруға шақырады. Бірақ Балкен ағамыз қазіргі тұрған жеріне әбден үйренген.
"Інілерім де, қарындасым да келіп тұрады. Інім ауырып тұрса да, апта сайын келеді. Маған ауырып жүргенін білдіртпейді. Бәрі жақсы деп, мені алдап қояды. Мен өзім бауырларымның арқасында өмірге қайта келгендей болдым", - дейді Бүркітбаев.
Ақшаның не керегі бар...
Балкен аға үйленгеннен кейін жеке үй сатып алған еді. Бірақ отбасынан айырылғаннан соң бәрін тастап кетті. Құжаттарын алған да жоқ. Бертін келе, ол үйді ысырып тастады да, орнына жаңа көп қабатты үй тұрғызды.
"Стадионның артында бір көше Некрасова, содан кейін біздің көшеміз болды. Мен кеткенде үйдің құжаттары қалды. Артынан үйді ысырып тастады. Оған бір тиын да алған жоқпын. Балаларым қайтыс болғаннан кейін үйді қайтемін...Ақшаның не керегі бар?", - деді Бүркітбаев.
Біз Балкен ағадан екінші рет үйленбедіңіз бе деп сұрадық. Бірақ оның көкейінде, жүрегінде әлі де Райханға деген махаббаты, қыздарына деген сағынышы бар екені сезілді.
"Бірінші әйеліңдей бола алмайды ғой. Иә, одан екі қызым болды. Еркек бала болса екен деп тілейміз...Атым қалады ғой...Дегенмен, екінші әйел алуды ойлаған жоқпын. Отбасымның қазасынан кейін есімді жинаудың өзі қиын болды", - деді ол.