НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Ресейдің халық әртісі Олег Погудин Қазақстанда алғашқы концертін берді. Жеке орындайтын әнші астаналықтарды дәстүрлі репертуарындағы лирикалық туындыларымен тамсандырды.
Ресейдің күміс көмей әншісі 430 көрермен сиятын Кирилл мен Мефодий атындағы Рухани-мәдени орталығында өнер көрсетті, залда ине шаншар орын болмады.
"Біз сахнада ән айтатын тіл – ХХ ғасырдың басы мен ортасындағы тұрмыс тілі. Адамдар осы тілде сөйлеп, осы әндерде айтылатын образдарда ойланды. Біз, бақытымызға орай, бұл тілді жоғалтпадық, бізге оны түсіну қиын емес, бұл әндерді жақсы көреміз, достарымызбен және жақындарымызбен кездескенде осы әндерді айта аламыз", - деді әртіс өз көрермендеріне.
Шығармашылық кеште Погудин ондаған танымал әні мен романсын орындады.
Концерт Ресей Федерациясы мәдениет министрлігі, Россотрудничествоның Қазақстандағы өкілдігі және Кирилл мен Мефодий атындағы Рухани-мәдени орталығының қолдауымен өтті.
"Жақында ғана біз тамаша мереке – Отбасы, махаббат және адалдық күнін тойладық. Сонымен қатар, Россотрудничествоның Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің "Нұр-Сұлтандағы Ресей орындаушылық өнері" деп аталатын үлкен жобасы қатар өтіп жатыр. Концерт осы екі оқиғаға арналған", - деді Россотрудничествоның Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Константин Воробьев.
Танымал әншіні тыңдауға жүздеген көрермен келді. Астаналықтар "браво" деп айқайлап, ду қол шапалақтап, сүйікті әншісін ұзақ уақыт бойы сахнадан жібермеді. Погудин өз тыңдаушыларына Қазақстанның астанасына қайта оралып, тағы да қуантуға уәде берді.
Олег Погудин туралы не білеміз?
Олег Погудин – кеңестік және ресейлік әнші (тенор), романстар орындаушы, Ресейдің халық әртісі.
Әртістің репертуарында он бес тілде 500-ден астам ән мен романс бар. Погудин жылына 70-тен астам концерт береді.