НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik, Арман Асқар. "Пятакқа" шығатын жігіттерді қара жұмыстың түр-түріне салады, тіпті мал бағуға жалдайды екен. Қан тапсыруға жинап, алып кететіндер де бар. Sputnik Қазақстан тілшісі негізгі "пятакта" болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ер азаматтардың тұрақсыз жұмысты неге таңдайтынын және осы жұмысқа бюджет саласының қызметкерлері не себепті шығатынын біліп қайтты. Арыс қаласынан келген жігіттер де кездесті.
"Бір қазықты айналып жүре бересің..."
"Пятакта" жүрген жігіттердің көбісі журналистерге сұқбат беруден қашады. Фотоға да түсірмеуді сұрайды. Көкшетаудан келген бір ер адам жалдамалы жұмысқа не үшін шыққанын айтуға келісті. Бірақ өзінің аты-жөнін айтпауды өтінді.
"Негізі, менің мамандығым – дәнекерлеуші. Сондай жұмыстарға шығуға тырысамын. Енді, тұрақты жұмысқа да тұруға болатын еді. Бірақ мен жеке куәлігімді жоғалтып алдым. Оны жасату үшін ауылға бару керек. Оған да ақша қажет. Жинайын десем, күнде табатын 4-5 мың теңгем бірден жұмсалып кетеді. Тамағы бар, темекісі бар, жататын орынның ақысы бар. Соған барлық ақшам кетіп қалады. Келесі күні тағы "пятак"-қа шығасың. Сөйтіп, бір қазықты айналып жүре бересің...", - дейді ол.
Оның айтуынша, "пятак"-та жүрген жігіттердің көбісі бір күндік табысқа әбден үйреніп қалған. Олардың ішінде тұрақты жұмыста айлығын ала алмағандар аз емес. Содан бері "ондай жерде лақтырады" деп, жалдамалы жұмысқа көбірек сенеді.
Студенттер жиі келеді
Жалдамалы жұмысқа келгендердің ішінде жас жігіттер көп. Олардың ішінде мектепті енді ғана бітіргендер де бар. Дегенмен, көбісі – колледж студенттері. Жазғы демалысты пайдаланып, біршама ақша жинауға келдік дейді.
"Бұл жерде жұмыстың түр-түрін ұсынады. Ауыры бар, жеңілі бар. Жұмыс ұсынатындар көлікпен келеді де, осындай жұмыс бар дейді. Біз оған келісеміз бе, жоқ па, өзіміз шешеміз. Енді, көбінесе, қара жұмысқа, "барып кел, шауып келге" шақырады", - дейді Тұрсынбек есімді студент.
Студент жігіттермен әңгімелесіп тұрғанда бір жұмыс шығып қалды. Төрт балаға 400 ағаш "поддонды" жүк көлігіне тиеп тастау керек деді. Делдал әрбіреуіне 3000 теңгеден төлейтінін жеткізді. Студенттер бұл тапсырыстан бас тартты.
"Пятакта" жүргендердің ең жасы 16-да екен. Ал ең үлкені зейнет жасына шыққан. Соған қарамастан, қара жұмысқа шығып, табыс тауып жүр.
Бюджеттік сала қызметкерлері қара жұмысқа неге шығады?
Қаланы абаттандырумен айналысатын кейбір фирмалар қосымша жұмыс күшін осы жерден алады екен. Ондайда күніне 7 мың теңге табуға болады. Бірақ бір мың теңгесін түскі ас үшін ұстап қалады. Кейде фермалардан келіп, мал бағуға шақыратын кездер де болады екен.
"Бірақ оған ешкім бармайды. Өйткені фермаға бір күнге емес, он күнге, тіпті бір айға алып кетеді. Ол жерде адамды құлдай көреді дейді. Сосын шығу қиын. Артынан ақшасын төлей ме, төлемей ме, ол жағы да белгісіз. "Пятак"-ты "еңбек биржасы" деп айтуға болады (күлді). Өйткені жұмыстың түр-түрін табуға мүмкіндік бар", - дейді жезқазғандық.
Ал бюджет саласында істейтін бір кісі еңбек демалысына шықса да, қара жұмыс арқылы қосымша табыс табатынын ашық айтты. Бірақ ол да өзінің аты-жөнін атамауды сұрады.
"Бұл жерде қан тапсыратын адамдарды да іздейді. Бір жолы он шақты адамды алып кеткен. Сонда әрбіреуіне 1 500 теңгеден төледі. Мен өзім бюджет саласында жұмыс істеймін. Қай жер екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ ондай мекеменің жалақысын білесіз ғой. Қазір еңбек демалысы. Соны пайдаланып, қосымша ақша табуға келдім", - дейді ол.
Айына 150-200 мың табуға болады
Бұл жердегілердің көбісі монолит құю жұмысынан қашады екен. Құрылыс компаниялары да тұрақты адам таппағаннан соң, жалдамалы жұмысшылардың көмегіне жүгінеді. Бастапқыда күніне 7 мың теңге, одан кейін біртіндеп 10 мыңға көтереміз дейді. Бірақ осы жұмысқа "пятактан" да адам табу қиын.
"Біз қанша адам болса да, ала береміз. Жұмыстан қалмаса болды. Бір күн істеп, екі күн демалатын адам керек емес. "Окладқа" ешкім келмейді. Көбісі ауыр, қиын деп келмейді. Ал он күн, он бес күн сайын ақша алатындар өздері үшін жұмыс істейді. Себебі кредиті бар, жататын орны бар. Оларға айлық күткенше он күн сайын ақша алып, төлей салған тиімді", - деді құрылыс компаниясының делдалы.
Дегенмен, ол жерде ай сайын 150-200 мың табуға болады дейді жігіттер. Бірақ ол үшін жұмысқа күнде шығып тұру қажет.
"Мысалы, мемлекеттік қызметте айына 100-150 мың теңге төлейді. Ал бұл жерде жақсы жұмыс істесең, 200-дің үстінде табуға болады", - деді Роман есімді бір жігіт.
"Арыстан келдім"
Негізгі "пятакта" тұрған жігіттердің біреуі Арыс қаласынан келді. Ол жарылыс болғанға дейін жанар-жағармай құю стансасында жұмыс істеген. Ал апаттан кейін елордаға барып, табыс тауып келгенді жөн көрді.
"Жарылыс болған күні бәріміз жұмыста болғанбыз. Станса әскери арсеналдың дәл жанында орналасқан. Бір снаряд трансформаторға келіп қадалған ғой. Сол кезде бәріміз қаштық. Ештеңеге қараған жоқпыз. Жан керек қой. Сонда "заправкада" 6 миллион теңгенің кассасы қалып қойды. Мен өзім осында келдім. Күн сайын 5-6 мың теңге тауып жүрмін. Айлыққа кірейін десем, жалақы алғанша мені кім асырайды?Сосын қыркүйекке таман үйге - Арысқа қайтамын", - дейді ол.
Ал 56 жастағы ер адам өзінің аты-жөнін ашық айтты. Тіпті, фотоға да түсіруге келісті. Тимур Қожамұратов кезінде желілік маркетингпен айналысқан екен. Ай сайын 500-600 мың теңге тапқан кездері де болды. Бірақ бүгінде жалдамалы жұмысқа шығуға мәжбүр.
"Негізі, бұл жерде бір күндік табыс қой. Күнделікті тамаққа және тағы басқа шығындарға жұмсауға болады. Ол ақшаны бизнеске сала алмайсың. Мен өзім "пятакта" күн сайын 5-7 мың теңге табамын. Енді, әрқалай болады. Бір рет ағаш отырғыздым. Оған 6 мың теңге төледі. Жер қаздым, қоқыс шығардым. Кеңсе жиһазын тасыдым. Шатыр салдым. Бұл жерде тұра берсең, жұмыс табыла береді", - деді Қожамұратов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.