Экономика

Қаржы вице-министрі мемлекет кімдердің ақшасын қайтарып беретінін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевТеңге, архивтегі сурет
Теңге, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Салық амнистиясы аясында қазақстандықтардың негізгі қарызы және салық бойынша өсімпұлы кешіріледі

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде — Sputnik. Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Қанат Байеділов негізгі борышты және өсімпұлды төлеген қазақстандықтар жеке тұлғалар үшін салықтық амнистия аясында өсімпұл сомасын қайтаруға өтініш жасай алатынын айтты.

Вице-министрдің айтуынша, көптеген азамат заңды күтпей, негізгі борышқа қоса өсімпұл сомасын төлеп қойған.

"Мұндай тұлғалар, егер рақымшылық оларға да қатысты болса,  төлеген өсімпұл сомасын біз қайтарамыз. Қазір ондай адамдардың саны мен сомасын нақтылап жатырмыз", - деді үкіметте өткен баспасөз мәслихатында қаржы министрлігінің өкілі.

Ол күн сайын аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларында әрбір жеке тұлғаның шотына мониторинг жасап отыратын комиссиялар жұмыс істейтінін атап өтті.

"Егер жеке тұлға жыл басынан бүгінгі күнге дейін төлегенін анықтайтын болсақ, біз олармен байланыс орнатамыз немесе өздері өтініш бере алады. Олардың өтініштері негізінде артық төленген өсімпұлды қайтарамыз", - деп түсіндірді ол.

Байеділовтың айтуынша, төленген өсімпұлды қайтару тек өтініш негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстандағы айыппұлдар мен өсімпұлдар қалай кешіріледі?

Өсімпұлдарды кешірудің жалғыз шарты – жеке тұлғаның салық бойынша негізгі қарызының төленуі.

"Салық төлеушілерге ол үшін арнайы еш жерге барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдарының өздері жеке тұлғалардың жеке шоттарының жай-күйін күн сайын бақылап отырады. Олар негізгі борышты төлеген кезде үш жұмыс күнінен кешіктірмей, өсімпұлды кешіру туралы тиісті шешім қабылданады", - деді Қанат Байеділов.

Жаңалықтар
0