Дерекқор

Суға салып, шомылу керек: дәрігер жалбыздың біз білмейтін пайдасы туралы айтты

© Photo : PixabayЖалбыз өсімдігі
Жалбыз өсімдігі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жалбыз өсімдігінің емдік қасиеті туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Жалбыз қандай өсімдік

Жалбыз – ерінгүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық тамырсабақты, хош иісті өсімдік. Емдік қасиеті де бар. Қазақстанда жалбыздың 9-10 түрі өседі. Сабағы тік, жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Биіктігі - 80-100 см. Сабағы төрт қырлы күрең күлгін түсті. Жапырағын саусақпен уқалағанда жағымды иіс шығады. Себебі, онда 5% эфир майы болады. Маусым мен тамыз айларында гүлдейді.

Жалбыздың қандай түрлері бар?

Жалбыздың дала, су, бұйра, кермек немесе бұрышты жалбыз сияқты түрлері бар. Дәрілік мақсатта бұрышты жалбыз қолданылады.

Дала жалбызы суармалы жерлерде, өзен, көл, бұлақ маӊында, шалғындықтар мен тоғайларда, арық бойында өседі. Ол сабынның иісін шығару үшін пайдаланылады. Ал кермек жалбыздыӊ жапырағы мен гүл шоғынан "жалбыз эфир майы" алынады. Эфир майында 55%-ке дейін ментол кездеседі. Бұл майдыӊ негізгі құрам бөлігі – ментол. Ментол парфюмерияда, косметика жасауда, тамақ өнеркәсібінде, тіс ұнтағы мен пастасын жасауда пайдаланылады.

Емдік қасиеті

Жалбыздың емдік қасиеті ертеден мәлім. Тіпті, халық арасында бұл өсімдік жүз бір ауруға ем деген сөз бар. Жалбыз өсімдігінің құрамында адам ағзасына пайдалы заттар мол.

"Жалбызды ата-бабаларымыз жиі пайдаланған. Оның құрамында адам ағзасына қажетті көптеген элемент бар. Емдік мақсатта жалбыздың жапырақтарын қолданған. Оның жапырақтарын тұнба ретінде пайдаланған", - дейді Qazaq медицина орталығының қызметкері, дәрігер Айдана Қасен.

Оның айтуынша, жалбыз – асқазан ауруы, ұйқысыздық және іш ауруы кезінде таптырмайтын ем.

"Ол ас қорыту жүйесін жасқартады. Табиғи антисептик болып саналатын жалбыздың барлық түрі пайдалы. Қазіргі таңда жалбыз шайы тұмау, етеккірдің дұрыс келмеуі кезінде жақсы көмектеседі. Сондай-ақ, іш өткен кезде ем болады. Сондай-ақ, ішек құртын түсіретін емдік қасиеті де бар", - дейді дәрігер.

Сонымен қатар Айдана Қасен қан қысымы жоғары адамдар мен кішкентай бүлдіршіндерге жалбызды пайдалануға болмайтынын айтады.

© Photo : PixabayҚан қысымы жоғары адамдар мен кішкентай бүлдіршіндерге жалбызды пайдалануға болмайды
Суға салып, шомылу керек: дәрігер жалбыздың біз білмейтін пайдасы туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Қан қысымы жоғары адамдар мен кішкентай бүлдіршіндерге жалбызды пайдалануға болмайды

"Жалбызды қан қысымы 120-да 80, 140-та 80-нен жоғары адамдарға, әрі алты жасқа толмаған балаларға пайдалануға болмайды. Полеартрит, артроз, артрит аурулары кезінде күніне бір уақытта кепкен жалбызды суға салып, шомылу керек. Буын ауруларын емдеуге пайдасы өте зор", - дейді дәрігер.

Жүрек ауруына таптырмас ем

Жалбыздың жапырағы жүрек ауруына ем. Сондай-ақ, оны бүйрек пен бүйрек түбекшесі, бауыр мен бауыр жолының қабынуына қарсы қолданады.

"Жалбыздың құрамына ментол кіреді. Ол стенокардияны (жүректің демікпелі ұстама ауру) емдеуде қолданылады. Жалбыз жүрекке қан апаратын қан тамырды кеңейтеді", - дейді дәрігер Майра Қадырова.

Демікпені де емдейді

Халық арасында жалбыз ұнтағын бал орнына сары майға араластырып, қабылдаса демікпе сырқатын жазып, тыныс алу жолдарын тазартады деген сенім бар. Сонымен қатар жалбыз булығып жөтелгенді тиып, қарлыққан дауысты ашады. Егер тершең адам жалбыздың кепкен жапырағын ыстық суға бұқтырып демдеп, жатар алдында жарты стақанын ішсе, тершеңдігі басылады. Ал аяғының шуашы бар адамдар жалбыз тұнбасына үш мезгіл аяғын жуып жүрсе, жағымсыз иістен арылады.

Полиартрит дертіне шалдыққан адам кепкен жалбыз шөбін суға қайнатып, күніне бір реттен жатар алдында ванна жасап түссе, сырқатынан сауығады.

Сондай-ақ, еті тілініп кетсе, іріңді шиқан сияқты қотырларға жалбыз тұнбасын таңып тастаса, тез жазылады.

Бас ауруын жазады

Сонымен қатар дәрігерлер кесеге жалбызды салып, оған ыстық су құйып, кейін біраз уақыт тұндыруға кеңес береді. Олардың айтуынша, мұндай шайды кешке басы жиі ауыратын адамдар ішуі керек екен. Осылайша жалбыз ауруды басып, ұйқыны қалыпқа келтіреді.

Жаңалықтар
0