НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде — Sputnik. Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры болды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры қызметіне тағайындалды", - деп жазылған Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ұлттық музейді бұған дейін басқарған Алмаз Нұразхан қызметінен босатылды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы не білеміз?
Арыстанбек Мұхамедиұлы Әлиев 1963 жылы 11 ақпанда Алматы облысы Талғар ауданы бұрынғы Калинин атындағы колхоз – қазіргі Тұздыбастау ауылында дүниеге келді. 2008 жылдың қазанында тегін Мұхамедиұлы деп өзгертті.
Тағы оқыңыз: Мұхамедиұлы қапаланған депутатқа ән шырқап берді
1981 жылы Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектебін бітірген.
1986 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясындағы виолончель сыныбының түлегі атанды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару Ұлттық жоғары мектебін "Мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірді.
2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітіріп, 2003 жылы кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді (Ph.D).
Еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филаромниясында Мемлекеттік симфониялық оркестрдің әртісі болып бастаған. 1997 жылдан бастап республикалық гвардияның президенттік оркестрін басқарған.
2005 жылы "Қазақ әуендері" АҚ-ның президенті қызметін атқарды.
2006 жылы мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.
2007 жылдан бастап президент әкімшілігінің әлеуметтік саясат бөлімінің бас инспекторы, ішкі саясат бөлімі мәдениет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2008 жылы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын басқарды.
2014 -2019 жылдары Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі болды.