НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде — Sputnik. Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ұйымдастырған Нұр-Сұлтандағы "Ақылды балалар лагерінде" оқушылар екі апта бойы екі маңызды оқиғаға дайындалды – Астана күні мен Отбасы, махаббат және адалдық күні.
Тәлімгерлерімен бірге олар мерекеге орай "Ескі қала әңгімелері" атты квест өткізуді жөн көріпті. Елордалық танымал өнертанушы Нелли Викторовна Шивринаның жетекшілігімен балалар Нұр-Сұлтанның ескі бөлігін аралап шықты. Осы жобаға басшылық еткен Заманауи білім технологиялары орталығының мәскеулік командасы да бұған үлкен септігін тигізді.
"Біздің ойға алғанымыз жан-жақты іске асты: заманауи гаджеттерді, БАҚ материалдарын және ақылды кітаптарды пайдаландық. Ең бастысы, квестке балалардың ата-анасы мен достары да атсалысты. Бұл нағыз отбасылық жобаға айналды", - деді Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының балаларға арналған білім бағдарламаларының үйлестірушісі Александра Лумпова.
Қазақстандағы Ресейдің ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Константин Воробьёв квестке қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде: "Бұл шара 8 шілде – Отбасы, махаббат және адалдық күні өтіп жатқанының өзіндік бір мәні бар. Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының жобасы қатысушыларға отбасылық салт-дәстүрді бағалау, туған өлкені сүю сияқты өмірдегі басты әрі қарапайым дүниелерді ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын", - деп атап өтті.
Барлық отбасыға түймедақ гүлшоғы мен Ресейдің халық әртісі Олег Погудиннің концертіне шақыру билеттері сыйға тартылды.