НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Бүгін елорданың Есіл аудандық №2 сотында білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбедиеваның ісі қаралды. Сол жерде мемлекеттік айыптаушы тергеу материалдарын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Білім басқармасының басшысы ештеңе істей алмаған
Прокурор Нұрлан Бекмағамбетовтың айтуынша, вице-министр Эльмира Суханбердиева №3 мектеп гимназиясының бұрынғы директоры Елена Шеверняевамен бірге заңға қайшы әрекет жасаған. Олар дәл сол мектептің ғимаратында "Центральная" атты жекеменшік экономикалық мектепті ашқан. Соның салдарынан мемлекеттік мектепте орын азайып, басқа балалар оқуға қабылданбады.
"2016 жылы шілде айында сол кездегі Астана қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазиев Шевернияеваны шақырып, жекеменшік мектепті басқа жерге көшіріп, босаған орынды №3 мектеп гимназиясы үшін пайдалануды ұсынған. Шевернияева оны бірден Суханбердиеваға жеткізген", - деді Бекмағамбетов.
Содан Суханбердиева өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, Сенғазиевпен сөйлесіп, жекеменшік мектепке тиіспесін деген. Сенғазиев вице-министрден аяқ тартып, аталған мәселені ары қарай көтермеген.
Вице-министр мектепті басқаруға қалай араласты?
Тергеу материалдарына сәйкес, 2019 жылдың басында Суханбердиева сенімді адамдары арқылы жекеменшік мектептің жұмысына араласа бастайды. Ал Шевернияева вице-министрдің қолдау жасайтынын біле тұра, "Центральная" мектебінің ұйымдастыру формасын ауыстырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құруды ұсынады. Суханбердиева аталған ұсыныспен келіскен. Осылайша, екеуі ЖШС-ны бірге басқаруға, табысты бөлуге және ивестицияны бірлесіп салуға уағдаласқан. Суханбердиева мемлекеттік қызметін пайдаланып, жекеменшік мектепке қолдау жасауға келісімін де берген.
Тағы оқыңыз: Эльмира Суханбердиева сотта 4 баласы жайлы айтып, көзіне жас алды
"Суханбердиева мен Шеверниява ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде өздерін емес, туған-туыстарын рәсімдеуге уағдаласқан. Сөйтіп, жекеменшік фирманың құрамына Суханбердиеваның туған апасы және Шевернияеваның анасы енді. Бұдан бөлек, екеуі жекеменшік мектептің жаңа ғимаратын алу үшін ЖШС есепшотына 154 миллион 523 мың 400 теңге салған", - деп атап көрсетті прокурор.
"Жетім балалар планшет алса екен деп ойладым"
Бұдан бөлек, вице-министр Суханбердиева ұялы телефондар мен планшеттерді министрлікке қарасты мекемелерге алдыртқаны үшін айыпталып отыр.
Прокурордың сөзіне қарағанда, биыл 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні аясында президенттің көпбалалы отбасыдан шыққан балалармен кездесуі болған. Оған дейін білім министрі ерлік жасаған екі оқушымен жүздескен. Суханбердиева осы оқушыларға айфон, ал Қазақстан президентімен кездескен 41 балаға планшет беруді ұсынды. Сөйтіп, аталған техникалық құралдардың бәрін министрлікпен жұмыс істейтін мекемелерге алдыртқан. Мәселен, планшеттерді баспа орталықтары сатып алады. Сотта вице-министр Суханбердиева да осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.
"Мен 41 көпбалалы отбасыдан шыққан және жетім бала планшет алса екен деп ойладым. Сол себепті осындай әрекетке бардым. Мен келісемін. Маған ешкім қысым жасаған жоқ. Процессуалды келісімге өз еркіммен келістім. Жазамен де келісемін", - деді вице-министр.
Ал айфон алған оқушылардың біреуі балаларды өртке оранған үйден, ал екіншісі кішкентай баланы құдықтан алып шыққан. Сөйтіп, адам өмірін сақтап қалды. Вице-министр Суханбердиеваның өзі бір съезде ол балалардың нені қалайтынын сұраған. Сол кезде олар айфон алып беруді өтінген.
Айта кетейік, тергеу кезінде Суханбердиева мен Шевернияева өз кінәсін толығымен мойындап, өз еркімен процессуалды келісімге келді. Прокурор вице-министрге 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (6 312 500 теңге), Елена Шеверняеваға 500 АЕК көлемінде (1 262 500 теңге) айыппұл салуды ұсынды. Бұдан бөлек, жекеменшік мектеп директорының кабинетінен тәркіленген 11 475 300 теңгені мемлекет меншігіне алып қою туралы ұсыныс бар. Соттың шешімі ертең шығарылады.