Қоғам

Денис Теннің өлімі: Жанар Толыбаева түрмеге қайтып оралады

© Sputnik / Медиабанкке өтуСот залында отырған әйел, архивтегі сурет
Сот залында отырған әйел, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жанар Толыбаева қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колонияға оралады

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Қазақстан Жоғарғы сотының кассациялық алқасы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сотталған Жанар Толыбаеваны қауіпсіздігі орташа колонияға қайтаруды сұраған бас прокурордың талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

2019 жылдың наурызында Толыбаева босануына байланысты Алматы соты шешімінің негізінде қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колониядан қауіпсіздігі төмен колонияға (қоныс-колония) ауыстырылған болатын.

Еске сала кетсек, Жанар Толыбаева 2019 жылдың 6 наурызында ұл босанды. Осыған байланысты сотталушының адвокаты Амангелді Сариев жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыруды сұраған болатын. Толыбаева сәбидің әкесі Арман Құдайбергенов екенін айтқан еді. Ол да Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сотталды.

Тағы оқыңыз: Денис Теннің өлімі: сотталушы Жанар Толыбаева ұл туды

Қаза болған спортшының анасы Оксана Тен мен қорғаушылары Жанар Толыбаеваның жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыруға әуелден қарсы болды.

Денис Теннің қазасы

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде 25 жасында көз жұмды. Көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны ұрылар сан тұсынан пышақпен жарақаттады.

2019 жылдың 17 қаңтарында сот Денис Теннің өліміне қатысты сотталушыларға үкім шығарды. Нұралы Қиясов қарақшылық және кісі өлтіру бабы бойынша айыпты деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды.

Тағы оқыңыз: Денис Тенді өлтіргендерге сот үкімі шықты

Арман Құдайбергенов те ұрлық, қарақшылық жасап, кісі өлтірді деп танылды. Оған да 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

Жанар Толыбаева қылмыс болғанын біле тұра, құзырлы органдарға хабар бермегені үшін 4 жылға сотталды.

Жаңалықтар
0