Өңірлер

Әбдірахымов үкіметке ірі компаниялардың өтінішін жеткізді

Жазылу
Үкімет мүшелері Шымкент қаласын дамыту жоспарын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қаланы 2023 жылға дейін дамыту жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Шымкент қаласы қалай өзгереді

"Кешенді жоспарды іске асыруға 1 триллион 284 миллиард теңге қажет болса, оның 836 миллиард теңгесі немесе 65 проценті жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын болады. Республикалық бюджет есебінен 299 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 81 миллиард теңге және 68 миллиард теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қамтылмақ", - деді Әбдірахымов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Әкімнің сөзіне қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Қала тұрғындарын жылу, электр және газбен қамтамасыз етіледі. Бұл үшін газ тарату мен бірнеше электр стансасының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, екі жаңа тазарту қондырғысы салынатын болады.

"Ал көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 11 жобаны іске асыратын боламыз. Мұның ішінде ұзындығы 31 шақырым болатын А-2 айналма автожолын қайта құру, ұзындығы 21 шақырым Ташкент бағытындағы даңғылдың жалғасы, төрт негізгі көше қиылыстарына жол айрықтары, ұзындығы 24 шақырым болатын оңтүстік және оңтүстік-шығыс айналма жолы салынады. Бұдан бөлек, теміржол вокзалын қайта құруы, әуежайға жаңа терминал салу көзделген", - деді Әбдірахымов.

Тағы оқыңыз: Шымкент әкімі: енді паранжа киіп жүрейін бе?

Оның сөзіне қарағанда, Шымкент-сити, "Тұран" шағын ауданы мен Қошқар ата өзенінің жағалауында көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынады. Қазіргі кезде инженерлік желілер тартылып жатыр. 2023 жылға дейін 319 көпқабатты үй тұрғызылады. Жалпы, 20 594 пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 15 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Ал жеке меншік мектептердің саны артады. Қажымұқан атындағы орталық стадион болса, қайта құру жұмыстарынан өтетін болады. Соның нәтижесінде стадион УЕФА-ның IV категориясына дейін көтеріледі. Сондай-ақ, жаңа конгресс орталық салынады.

"Денсаулық саласын дамыту үшін жеке инвестор есебінен бір мың орындық көпсалалы заманауи аурухана салынатын болады. Ал жергілікті бюджет есебінен 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығын саламыз. Нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығын 74 жасқа жеткізуге болады", - дейді Әбдірахымов.

Ірі компаниялардың өтініші

Үкімет отырысы кезінде қала басшысы ірі компаниялардың ұсынысын да жеткізді.

"Қазіргі кезде Шымкент-ситиде ірі компаниялар тиісті жұмысты бастап кетті. Құрметті, Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министр - Sputnik Қазақстан ) шетелдік және отандық компаниялардың өтінішін жеткізуге рұқсат етіңіз. Осы Шымкент-сити аумағында арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынамыз", - дейді Әбдірахымов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста үкімет мүшелері Шымкент қаласын дамыту жоспарын мақұлдады.

Жаңалықтар
0