АЛМАТЫ, 6 шілде – Sputnik. Алматыда Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен бейбіт митинг өтті. Biz birgemiz атты акция Сарыарқа кинотеатры артындағы скверде болды. Бір апта бұрын осында қоғам белсенділері митинг өткізген еді.
Митингіге 500-дей адам қатысты, олардың арасында мәдениет қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері, қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері, мұғалімдер бар. Демонстрация өткен аумақта бірнеше полиция патрулі, жедел жәрдем мен екі өрт сөндіру жасағы кезекшілік етті.
Қатысушылар "Біз соғысқа қарсымыз, арандатушылардың керегі жоқ", "Әблязов – нағыз алаяқ" және тағы басқа ұрандармен шыққан.
Nur Otan партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конуров митингіде сөйлеген сөзінде жиналғандардың басты мақсаты шетелдегі арандатушы тұлғаларға қарсылық екенін атап өтті.
"Білім деңгейін көтеріп, арандатушыларға жол бермеуіміз керек. Бұл арандатушылардың артында тұрған кім? Шетелге қашып кеткен Әблязов. Қазақстан үшін шынымен алаңдайтын болса, қазір халықпен бірге болатын еді", - деді Конуров.
Митингіге шыққандар бірігіп, арандатушыларға қарсы тұруға үндеу тастады. Спикерлер қазақстандықтардың мұң-мұқтажын шешудегі партияның елеулі үлесін айтты.
Тағы оқыңыз: Елорда мен Алматыда рұқсат етілген митинг өтті
Еске сала кетсек, қашқын банкир Мұхтар Әблязовтің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. 2018 жылдың наурызында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ДВК)* экстремистік болып танылды. Әблязов халықты наразылыққа шақырып, әлеуметтік желілер арқылы алауыздықты туғызып отыр, деп мәлімдеді Бас прокуратура.
*Қазақстанның демократиялық таңдауы (ДВК) – Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым.