НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде — Sputnik. Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласына барды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары барысында Ермекбаев жарылыс салдарын жою бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын тексеріп, сондай-ақ әскери бөлімді көшіру және оқ-дәрілердің бөлшектерін жою мәселелерін жеке бақылауына алды.
Тағы оқыңыз: Арыстағы әскери бөлімді көшіру басталды
Сонымен қатар қорғаныс министрі қала маңын аралап, оқ-дәрі мен қару-жарақ таситын контейнерлерді, әскери қызметшілердің далалық лагерьдегі тұрмысын, ұшқышсыз ұшу құрылғыларын далалық басқару пунктіндегі жұмыс жағдайымен танысты, сондай-ақ жерлерді минасыздандыру мен тазарту жөніндегі инженерлік бөлімшелерге қарайтын жеке құрамның нұсқаулықтарын тексерді.
Ермекбаев жинау пунктінде оқ-дәрі бөлшектерін жою жұмысы тексеріп, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұловтың оқиға салдарын жою туралы баяндамасы тыңдады. Кей мәселе бойынша шұғыл шешімдер қабылданды.
Тағы оқыңыз: Арыста 20 миллион теңгенің мал-мүлкі ұрланған
Сондай-ақ Арыс қаласында оқиға салдарынан қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын аралап, олардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Ол әр әскери қызметші әскери міндетін адал орындап, өз әскери ісінің кәсіби шебері екенін атап айтты.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қашты. Содан кейін халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Арыстағы жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.