НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңмен көшу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бейсенбі, 4 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев декларациялауды енгізуді 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 1 қаңтарына қалдыру туралы заңға қол қойды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев халықтың тұрмысын жеңілдететін тағы бір заңға қол қойды
Ведомство түсіндіргендей, бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жалпыға ортақ декларация аясында мына топтағы адамдар декларация тапсырады:
- жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын қазақстандықтар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
- "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Құнды қағаздар нарығы туралы" заңға сәйкес декларация тапсыру жөнінде міндеттеме жүктелген тұлғалар.
Екінші кезең 2023 жылдың 1 қаңтарынан, екі жылдан кейін басталады. Осы кезеңде мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін декларация қарастырылған.
Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайларына, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларына декларация енгізіледі.
Төртінші кезең 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталады – азаматтардың қалған санаттары үшін декларация енгізіледі (барлық қазақстандық үшін).
Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті Қарағанды облысы аудандарының бірінде декларациялау бойынша іске қосылған пилоттық жобадан проблемалық мәселе табылғанын хабарлады. Қазақстан халқын жалпыға ортақ декларациялауға дайындау үшін қосымша уақыт қажет екені анықталды.
Осыған байланысты Қаржы министрлігі жалпыға ортақ декларациялауды кезең-кезеңмен жүзеге асыру туралы ұсыныс жасады.