НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде — Sputnik. Арыста оқ-дәрі жарылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"Аумақта инженерлік-саперлік бөлімдер оқ-дәрі бөліктерін жинап жүрген болатын. Осы кезде тыйым салынған аймақта оқ-дәрі жарылып, тұтанды", - деп жазылған хабарламада.
Әскери өрт сөндірушілер өрт ошағын ауыздықтады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
"Жергілікті халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қорғаныс министрлігі инженер-сапер бөлімшелері жұмысты аяқтағанға дейін арсенал аумағына жақындауға болмайтынын ескертеді", - деп атап өтті ведомстводан.
Арыстағы төтенше жағдай
24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Тағы оқыңыз: Кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын - министр Арыстағы жарылыс туралы
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Төтенше оқиғадан кейін саперлер қала аумағын жарылмай қалған оқ-дәріден тазарту жұмыстарын бастады. 28 маусым күні тұрғындар үйлеріне орала бастады.
Арыс қаласы Шымкенттен 85 шақырым, ал Түркістаннан 168 шақырым қашықтықта орналасқан.