НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери арсеналды көшіру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Арсеналды көшіру туралы Елбасы мен Қарулы күштердің жоғары бас колбасшының тапсырмалары бар. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Екі аптаның ішінде осы оқ-дәрілерді тасымалдау жұмыстары басталады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған резервтен қаржы қарастырылған", - деді Ермекбаев сенаттың жалпы отырысында.
Айта кетейік, кеше мәжілістің жалпы отырысынан кейін Ермекбаев әскери арсеналды көшіруге қанша қаржы кететінін айтқан болатын. Министрдің айтуынша, арсеналды көшіруге бірнеше миллиард керек болады, бүгінде есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге журналистер "Сіз Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрайсыз ба?" деген сұрақ қойды. Министр сәл бөгеліп: "Кінәлі деп айтуға болмайды. Ол – табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар. Мен әзірше кешірім сұрайтын себебін көріп тұрған жоқпын", - деп жауап берді.
Арыстағы төтенше жағдай
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қашты. Содан кейін халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс: Сапарбаев қаладағы ахуал туралы баяндады
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Төтенше жағдайдан келген шығын мөлшері 20 миллиард теңге шамасында деп болжанып отыр.
Арыстағы жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қару-жарақ, оқ-дәрi немесе басқа да қауіпті заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адам қаза болған жағдайда, айыпты бес жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.