НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы жарылыстың себептерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Салғырттық болуы мүмкін. Тез жанатын заттардың тұтануы, электр сымдардың тұйықталуы, тіпті әдейі өрт қоюы да мүмкін. Бүгінде біз бірде-бір себепті жоққа шығармаймыз. Сондықтан арнайы тергеу тобының жұмысы өз нәтижесін береді деген сенім бар", - деді Ермекбаев журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, тергеу амалдары бір айдың ішінде аяқталуы қажет. Соның нәтижесінде кінәлі адамдар қатаң жазаға тартылады.
"Осы оқиға үшін кінәлі адамдар қатаң жазаланады. Оларды ешкім жасырмайды. Бірақ тағы бір мәрте айта кетейін, әскери азаматтар өз міндеттерін атқарды", - дейді Ермекбаев.
Тағы оқыңыз: Министр: Арыстағы жарылыс үшін кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын
Оның сөзіне қарағанда, екі аптаның ішінде Арыстағы әскери арсеналды басқа жерге көшіру жұмыстары басталады. Ал осы оқиғадан кейін барлық әскери бөлімде тағы бір тексеру жүргізіледі.
"Негізі, ондай тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Арыста да бірнеше тексеріс болды. Сол кезде біршама кемшілік анықталған. Бірақ басым бөлігі жойылды. Соған қарамастан, мен барлық гарнизон бойынша тағы бір тексерісті өткізуді ұйғардым. Негізгі мақсат – елді мекендерге жақын жерлерде артиллериялық снарядтарды қалдырмау. Ондай жерлерде тек күзетке арналған оқ-дәрілер ғана қалады", - деді Ермекбаев.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Тағы оқыңыз: Қорғаныс министрі Арыс халқына үндеу жасады