НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізді. Мемлекет басшысының жарлығы Ақорда сайтында жарияланған.
Мораторий мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту және жекеше секторды дамытуға жағдай жасау мақсатында енгізіліп отыр.
"2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілсін", - делінген құжатта.
Оған мыналар қосылмайды:
- қызметін әлеуметтік салада және (немесе) елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
- жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру (біріктіру немесе қайта құру) жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар;
- жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының елу және одан да аз проценті (қатысу үлесі) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер);
- Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасы және (немесе) келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар.
Қазақстан Республикасының үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар жарлықты іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдайды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев пен Назарбаева Ақордада не туралы сөйлесті?
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енеді.