Оқиға

"Қалада снаряд жарылған жоқ": министр Арыстағы оқиғаға не себеп болуы мүмкін екенін айтты

© Sputnik / Медиабанкке өтуСнаряд. Архивное фото
Снаряд. Архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, Арыс қаласының ішінде бірде-бір снаряд жарылмаған

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым — Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тілшілер және тұрғындармен кездесуде Арыстағы жарылысқа не себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Жарылысқа не себеп болуы мүмкін

"Себептер әртүрлі болуы мүмкін: электр желісінің тұйықталуы, оқ-дәрідегі химиялық реакция, диверсия, бөтен бір заттың тиіп кетуі, шөптің жануы", - дейді қорғаныс министрі, деп жазады "Казинформ".

Министр атап өткендей, Арыстағы қару-жарақ қоймасы техникалық тұрғыдан ең жоғары жабдықталған болатын.

1930 жылы салынған әскери қойма үнемі жаңартылып отырды. Мысалы, былтыр арсеналға жаңа қорғаныс жүйесі мен техникалық құрылғылар орнатылды, дейді министр.

"Басқару пульті серверде болған, арсеналдың ішіндегі ақпараттың барлық түрі сонда жиналатын. Арсенал территориясына кіру шектелген. Демек, қауіпсіздік шаралары түгел орындалған", - деді Нұрлан Ермекбаев.

Арыстағы жарылысты тергеу

Жарылыстан соң қозғалған қылмыстық іс ішкі істер министрлігімен бірге тергеліп жатыр. Қорғаныс министрінің айтуынша, барлық болуы мүмкін жайт қарастырылады, алайда тергеушілер қорытынды шығаруға асығар емес.

"Бірінші күні бөлім командирі, арсенал басшысымен бірге әскери қоймаға кіріп, видеокамераларды алып шықтық. Қазір тергеу тобы жазбаларды зерттеп жатыр", - деп атап өтті Ермекбаев.

Оның айтуынша, салғырттық танытып немесе қателік жіберген лауазымды тұлғалардың айыбы тергеу барысында анықталуы тиіс. Кінәлілер қатаң жазаланады, деп сендірді министр.

"Әзірге ешқандай тәртіпбұзушылықты байқаған жоқпыз", - дейді Нұрлан Ермекбаев.

Арыстағы қару-жарақты не істейді?

Арыстағы арсеналды таратып, жауып тастайды, деп мәлімеді қорғаныс министрлігінің басшысы.

"Арыста тағы екі әскери бөлім бар, бірақ олар қалатын шығар, себебі ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ, оларда оқ-дәрі сақталмаған. Ал арсенал, Елбасы мен Қазақстан президенті тапсырғандай, Арыста қалмайды. Басым бөлігі жойылып кетті, қалғаны қаладан шығарылып, Қазақстандағы басқа қоймаларға жеткізіледі. Арыс арсеналдан құтылды деуге болады", - дейді Ермекбаев, деп жазады Otyrar.tv.

Министр атап өткендей, әскери қоймадан 30 мың тоннадан астам оқ-дәріні алып кетіпті.

Елдегі басқа қоймаларда оқ-дәрі сақтау талаптары, оның айтуынша, қайта қаралады.

"Олар елді мекендерден алыста сақталатын болады. Жергілікті атқарушы басқармаларға елді мекендерді әскери қоймалар мен арсеналдарға жақындатпауды тапсырамыз", - деп мәлімдеді министр.

Ермекбаевтың айтуынша, әскери құрылысты салғанда қауіпсіз қашықтық таңдалады, бірақ уақыт өте келе елді мекендер кеңейіп, қауіпсіз аумақтың шекарасына тақайды да, тұрғындарға қауіп төнеді. Бұл енді қайталанбайды, деп атап өтті министр.

Арыстықтарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, себебі әскери қоймадағы снарядтар бөлшектенген күйінде сақталған, қала ішінде бірде-бір оқ-дәрі жарылған жоқ, деп сендірді Ермекбаев.

Арыстағы төтенше оқиға

24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.

Жергілікті тұрғындардың үрейі үшіп, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.

Саперлер қаланы тазартып, 28 маусымда тұрғындар үйлеріне орала бастады.

Жаңалықтар
0