Қоғам

Ержан Максимнің анасы Тасмағамбетов баласына қандай ақыл бергенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЕржан Максим мен Гүлмира Әлібек
Ержан Максим мен Гүлмира Әлібек - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Гүлмира Әлібек ресейлік шоудан кейін баласының шаршап қалғанын айтты. Ержан алдағы уақытта отбасымен шетелде демалуды жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik, Дәурен Ерболат. Танымал жас әнші Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек неге Мәскеуге көшкелі отырғанын, Иманғали Тасмағамбетовтың ұлына қандай кеңес бергенін және 28 маусымда өтетін Ержанның жеке концертіне дайындық қалай жүріп жатқанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Концертке дайындық барысы

Алдымен Гүлмира Әлібек Ержанның жеке концертін беру шешімі туралы айтты. Оның айтуынша, мұндай маңызды қадам Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе шешілген.

Ержанның анасы 12 жастағы балаға жеке концерт беруге ерте емес деген пікірде. 

"Концертті ұйымдастыру идеясы негізі өзіміздікі. Бірақ шешімді Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігімен ақылдаса отырып, бірге қабылдадық. Концерт беруге ерте деп ойламаймын. Себебі, Ержан 7 жасында Орал қаласында өзінің қайырымдылық концертін берген болатын. Кішкентай болса да, Ержанның тәжірибесі бар, сахнаға үйренген, өзін сенімді ұстайды. Сондықтан баламызға сенеміз", - дейді Гүлмира Әлібек.

Ержанның жеке концерті 28 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласындағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтеді. Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жас әншінің жеке концертінде Сәкен Майғазиев, Ұлықпан Жолдасов, Ренат Ғайсин, Мөлдір Әуелбекова, Айқын Төлепберген сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

"Ән кешіне дайындалып жатырмыз. Барлығы кестеге сай жүргізілуде. Костюмдері тігіліп жатыр. Қазақстан эстрада жұлдыздарымен бірігіп ән айтады. Концертке дайындықты пысықтап жатырмыз", - деді Ержанның анасы. 

Димаш пен Игорь Крутой

Отандық БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, Ержанның жеке концертіне танымал әнші Димаш Құдайбергенов пен ресейлік композитор Игорь Крутой қатысуы мүмкін. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын Ержанның анасынан сұрап білдік.

"Димаш пен Игорь Крутойға концертке қатысу туралы ұсынысты өзіміз жасадық. Жақында Ержан Мәскеудегі МузТВ шарасына барған кезде Игорь Крутой мырзаны жеке ән кешіне өзі шақырды. Сонда ол кісі бізге міндетті түрде келетінін айты. Ержанның концерті 28 маусымда, ал Димаштікі 29 маусымда болады. Сондықтан Димаштың концертке қатысуы белгісіз. Оған да оңай емес. Себебі, 28 маусым күні ол өзінің кешіне дайындалады. Мүмкіндік болса, концертімізге келіп қалар", - деді ол.

© Photo : Официальный сайт министерства культуры и спорта КазахстанаҰлықпан Жолдасов пен Ержан Максим
Ержан Максимнің анасы Тасмағамбетов баласына қандай ақыл бергенін айтты - Sputnik Қазақстан
Ұлықпан Жолдасов пен Ержан Максим

"Ержанның шаршап қалғаны рас"

Әңгіме барысында Гүлмира Әлібек баласының күрделі әндерді орындау кезінде арнайы кесте бойынша жұмыс істейтінін айтты. Бұл баланың даусына зиян келтірмеу үшін жасалады. Сондай-ақ, Ержан алдағы уақытта шетелде демалуды жоспарлап отырған көрінеді. 

Тағы оқыңыз: Ержан Максимнің анасы жұрттың бәрі баласына неге күлгенін айтты

"Ержанның даусына салмақ түскенімен, оның барлығы қадағаланады. Қазір концертке дайындық сағат 12:00-де басталады. "Голос. Дети" шоуынан кейін Ержанның шаршап қалғаны да рас. Алдағы уақытта тамыз айында отбасымызбен бірге демалу ойда бар. Шетелге шығамыз. Бірақ қай елде демалатынымызды нақты шешкен жоқпыз", - деді Ержан Максимнің анасы.

Сондай-ақ,  ол ұлының ұйқысы қанып жүргенін атап өтті.

"Ұйықтауға уақыт бар. Ержан ұйқысын әбден қандырып тұрады. Себебі, кішкентай бала ғой. Ол ұйықтағанды жақсы көреді. Қазір сағат 10:30-11:00-ге дейін ұйықтайтын уақыты бар. Кейін тамақтанып, жеке концертіне дайындалады. Түнгі 23:00-де ұйықтайды", - дейді Гүлмира Әлібек.

Музыкалық білім қажет

Сұқбат барысында Ержан Максимнің анасы баласының құдай берген дарынына қарамастан, ұлының музыкалық білім алуы қажет екенін атап өтті.

"Әрине, музыкалық білім қажет. Биыл біз Мәскеу қаласына көшеміз. Игорь Крутой Ержанды өзінің музыкалық академиясына шақырды. Енді сонда барып, музыкалық білімін шыңдайды", - деді ол.

Сондай-ақ, Гүлмира Әлібек Ержанның орысшаға шорқақтау екенін мойындап, алдағы уақытта мұғалімнен қосымша сабақ алатынын атап өтті.

"Барлығын қолға аламыз. Мәскеулік мұғалімнен "ағылшын және орыс тілін оқуға көмектесемін" деген ұсыныс түсті", - дейді ана.

Иманғали Тасмағамбетовтің кеңесі

Әңгіме барысында Гүлмира Әлібек Ержанның үйдің еркесі екенін, оның тәрбиесіне баса мән беретінін атап өтті. Тіпті, Ресейдегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов те Ержанға өз ақылын беріпті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ✨ЕРЖАН МАКСИМ (@maksim_erjan)

"Екі үлкен қызымыз бар. Енді Ержан – үйдің кенжесі. Әрине, бала болғаннан кейін еркелігі бар. Еркелігі күшейіп кеткен кезде сабырға шақырамын. Ол мені қабағымнан түсінеді. Мамандығым психолог болғандықтан, баламның тәрбиесіне баса мән беремін. Ата-әжесі де үнемі Ержанға "қарапайым бол" деп ақылын беріп отырады. Димашты үлгі тұтып отырамыз", - деді Гүлмира Әлібек.

Ол Мәскеудегі қабылдау кезінде Иманғали Тасмағамбетовтің Ержанға қандай кеңес бергеніне де тоқталды.

"Ол кісінің бізге айтқан тамаша сөзі бар. "Ержан, сен шетел асып, Мәскеуде оқығалы жатырсың. Саған қарап, бүкіл қазақты танитын болады" деген еді. Мен де кейбір кездері оған "Ержан өзіңді дұрыс ұста! Иманғали ағаның сөзін есіңнен шығарма!" деймін. Ол маған "Жақсы, мама" деп, сабырға келетін кездері бар", - дейді ана.

Ержан Максимнің анасы ұлының болашақ жоспарлары туралы да айтып берді.

"Игорь Крутойдың музыкалық академиясында оқимыз. Ресей жұлдыздарымен Кремль сахнасында өнер көрсету, ән жаздыру, клип түсіру, музыкалық білімін шыңдау сынды жоспарымыз бар", - деді Гүлмира Әлібек.

Сұқбатымыздың соңында Ержанның анасына "Ержан мен Микелла Абрамованың ән жазғаны белгілі. Ұсынысты кім жасады?" деген сұрақ қойдық. Гүлмира Әлібек бұл сауалға жауап беруден бас тартты.

© Sputnik / Владислав ВодневЕржан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек
Ержан Максимнің анасы Тасмағамбетов баласына қандай ақыл бергенін айтты - Sputnik Қазақстан
Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек

Бұл материалды Sputnik Қазақстанның орысша нұсқасынан да оқи аласыздар.

Жаңалықтар
0