НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғынының меншігінде 65 пәтер бар. Бұл туралы Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Әнуар Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау жұмысын жүргізуде. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша, қазіргі уақытта 3 және одан да көп пәтерге меншік құқығы бар, алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, салықты төлемей жүрген 20 мыңнан астам қазақстандық бар екен.
"Олардың арасында оннан астам пәтерге меншік құқығы бар 150 тұлға және Нұр-Сұлтан қаласындағы бір тұрғын үй кешенінде 65 пәтері бар адам анықталды. Пәтердің барлығы бір адамға тиесілі. Олардың жалға берілуін егжей-тегжейлі талдап, қашықтықтан мониторинг жасау арқылы осындай деректерді анықтадық", - дейді Әнуар Сүлейменов.
Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 5 айында жәке кәсіпкер ретінде 7 403 жеке тұлға тіркеліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ке немесе 1320 адамға көп. Ал салықтық түсім 37 %-ке өсіп, 7 миллиард 252 миллион теңгеге жетіпті.
Сондай-ақ, Әнуар Сүлейменов жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалар да жылжымайтын мүлікті жалға бере алатынын атап өтті. Оның айтуынша, жеке кәсіпкерлікті ашу үшін салық органына баруға болады. Сондай-ақ, e-license сайты арқылы қызметті бастау туралы хабарламаны электронды түрде алу қарастырылған. Жеке кәсіпкер 10 күн ішінде салықты қалай төлейтінін анықтауы қажет.