НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым — Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Арыс тұрғындарына көмек көрсетуге 3 миллион теңге аударады.
"Төтенше оқиғаға байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшілігі ұжымы апаттан зардап шеккендерге көмек қаражатын жинады. Жиналған жалпы жәрдем сомасы – 3 миллион теңге", - деп жазылған елшілік таратқан ақпаратта.
Арыс тұрғындарына тағы кім көмектесті
Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыстар кезінде зардап шеккендерге жеке көмек беруді ұйғарды. Ал президент әкімшілігінің қызметкерлері бір күндік еңбек ақыларын аударды.
Арыстағы төтенше жағдайдан кейін Nur Otan партиясы зардап шегушілерге гуманитарлық көмек жинау мақсатында "Арыс, бiз бiргемiз" акциясын бастады. Ауқымды қайырымдылық акциясына ішк істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, "Ахыска" Қазақстан түріктер қоғамы филиалының төрағасы Әскер Пириев, Қорғаныс министрлігінің, Nur Otan партиясының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ премьер-министр кеңсесінің, бірнеше министрлік пен орталық органдардың және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды. Әр түрлі ұйымдар мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандар да шама-шарқынша ақша аударып жатыр.
Арыста не болды
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта 89 адам ауруханада жатыр.
Жүзден астам сапер қала аумағындағы теміржол жолдары мен стансаларды тексеріп жатыр.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.