Оқиға

Өзбекстандағы қазақтар да арыстықтарға қол ұшын бермек

© Public DomainТашкент келбеті. Архивтегі фото
Ташкент келбеті. Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Арыс қаласындағы трагедияға алыстағы ағайын да алаңдап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының өкілдері Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыстан қираған бір үйді жөндеп бермек.

Ата жұрттағы алапат жарылысқа қобалжыған диаспора өкілдері бүгін бас қосып, осындай келісімге келді. Жалпы, көрші елде миллионнан астам қандасымыз тұрып жатыр, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

"Қайғыны бөліссең, азаяды" деген көрші елдің зиялы қауым өкілдері Арыс халқына басу айтып, қолдау білдірді.

"Қоры ашылса осы жердегі қазақтар да қарап тұрмайды. Шын көңілден жәрдем береміз деп келіп жатқандар көп. Қаланы тіктеп алуға күшіміз жетеді деп ойлаймын. Біз де қарап тұрмаймыз", - дейді Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасыСерікбай Үсенов.

"Отандастар" қорының Өзбекстандағы өкілі Клара Садырбаева да қандастарымызға қол ұшын беріп, жәрдем көрсетеміз деп отыр.

"Біз, Өзбекстанда өмір сүріп жатқан қазақ халқы қазіргі жағдайды жақсы түсінеміз. Сондықтан халыққа сабыр тілеймін", - дейді ол.

Арыстағы жарылыс

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта 89 адам ауруханада жатыр. 

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жарылыстар тоқтағанын, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын хабарлады. Жүзден астам сапер қала аумағындағы теміржол жолдары мен стансаларды тексеріп жатыр.

Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

Жаңалықтар
0