Қоғам

Назарбаев біркүндік жалақысын Арыс тұрғындарына көмек көрсету қорына аударды

© Photo : Пресс-служба Комитета по чрезвычайным ситуациямАрыс тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру
Арыс тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұған дейін зардап шегушілерге президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Nur Otan партиясы, премьер-министр кеңсесі, бірнеше министрлік пен орталық органдардың қызметкерлері көмек көрсеткен болатын

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым — Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыстар кезінде зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударды.

"Елбасы мен Тұңғыш президент кеңсесінің қызметкерлері өздерінің біркүндік жалақыларын тиісті қорға аударды. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықты жерлестеріміздің қайғысы мен болған трагедияға бей-жай қалмауға шақырады", - деп жазды ҚР тұңғыш президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Арыс тұрғындарына тағы кім көмек көрсетті

Арыстағы төтенше жағдайдан кейін Nur Otan партиясы зардап шегушілерге гуманитарлық көмек жинау мақсатында "Арыс, бiз бiргемiз" акциясын бастады. Ауқымды қайырымдылық акциясына ішк істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, "Ахыска" Қазақстан түріктер қоғамы филиалының төрағасы Әскер Пириев, Қорғаныс министрлігінің, Nur Otan партиясының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ премьер-министр кеңсесінің, бірнеше министрлік пен орталық органдардың және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері біркүндік жалақысын аударды. Әр түрлі ұйымдар мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандар да шама-шарқынша ақша аударып жатыр.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы жарылыстар кезінде зардап шеккендерге жеке көмек беруді ұйғарды.

Арыстағы төтенше жағдай 

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Жарылыстардан кейін жергілікті тұрғындар төрт бағыт бойынша қауіпсіз жерге көшірілді.

Облыста төтенше жағдай жарияланды. Арыста шамамен 45 мың адам тұрады. Қала Шымкенттен 85 шақырым, ал Түркістаннан 168 километр жерде орналасқан.

Төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты, оның біреуі – әскери қызметкер.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 165 адам зардап шеккен, 15 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Жаңалықтар
0