НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев халыққа есеп беру кездесуінде Арыс қаласындағы жарылыстан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Арыстағы ағайынмен біз де бірге екенімізді айтқым келеді. Кешегі қайғылы оқиғадан қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Жарақат алған кісілердің тез сауығып кетуін тілейміз", - деп бастады Абаев халыққа есеп беру кездесуін.
Ол Арыс тұрғындарына қол ұшын созған қазақстандықтардың саны көп екенін айтты.
"Біз кеше тағы да елдігімізді таныттық. Осындай тосын оқиғаларда жұдырықтай жұмыла білетін бірлігімізді көрсеттік. Арыстан уақытша эвакуацияланған ағайындарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек беруге ықылас танытып жатқан азаматтардың саны да артып жатыр. Кешеден бері "Арыс – біз біргеміз" деген акция ұйымдастырылып жатыр. Біз де арыстықтармен біргеміз", - деді министр.
Абаев министрлік қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар бір күндік жалақысын аударатынын атап өтті.
"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қызметкерлері де зардап шеккен қалаға көмек ретінде бір күндік жалақысын аударады. Біздің министрлікке қарасты ұйымдар да осындай қадам жасап жатыр екен. Бұл бастаманы қолдаймыз. Еліміміз аман, жұртымыз тыныш болсын",- деді ол.
Арыстағы жарылыс
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта 89 адам ауруханада жатыр.
Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жарылыстар тоқтағанын, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын хабарлады. Жүзден астам сапер қала аумағындағы теміржол жолдары мен стансаларды тексеріп жатыр.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.