Қоғам

Еңбек министрі Қазақстанда орташа зейнетақы қанша екенін айтты

© Photo : CC0 / Sabine van ErpҚариялардың қолы, архивтегі сурет
Қариялардың қолы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 569 миллиард теңге қарастырылған

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 85 мың теңгеден асты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сапарбаев халықтың өтініш-тілегін ескере отырып, былтырдан бері базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты төленетінін атап өтті. Айтуынша, 2,1 миллионнан астам зейнеткердің базалық зейнетақысы 80 процентке дейін өскен.

"Жалпы, өткен жылы зейнетақы 23%-ке өсіп, зейнетақының орташа мөлшері 81 062 теңгені құрады. 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, базалық зейнетақының орташа мөлшері 27 001 теңге, ал жиынтық зейнетақының (ынтымақты және базалық зейнетақы) орташа мөлшері 85 785 теңге болып отыр", - деді министр халыққа есеп беру кездесуінде.

Ол зейнетақы рәсімдеу тәртібі цифрландырудың арқасында оңтайландырылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, министр ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқталды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы ондағы азық-түлік емес бөліктердің үлесін 40%-тен 45%-ке дейін ұлғайту жолымен қайта қаралған. Нәтижесінде, 3 миллион қазақстандық үшін әлеуметтік төлемдер 16%-ке дейін өсті.

Жәрдемақылардың кейбір түрі инфляцияны ескере отырып, 5 процентке ұлғайды.

"Жалпы биыл жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 569 миллиард теңге қарастырылған", - деді ол.

Бұған қоса, министрліктің ақпаратына сүйенсек, былтыр 6,1 миллионнан астам жұмыс істейтін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылды. Елбасы еңбек өтілі мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту бойынша тапсырма берген болатын. Оны іске асыру үшін қазір мәжілісте "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" жаңа заң жобасы қаралып жатыр.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын кредитті жабуға пайдалануға бола ма?

2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмыссыз қалу кезінде төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері орта есеппен 30%-ке артады деп жоспарлануда. 

Жаңалықтар
0