Қоғам

Тіл саясаты комитеті министр Райымқұлованың сөзіне қатысты түсініктеме берді

© Photo : Служба центральных коммуникаций при президенте Ақтоты Райымқұлова
Ақтоты Райымқұлова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тіл саясаты комитетінің төрағасы терминдерді бекіту жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН,  22 маусым - Sputnik. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов терминдерге қатысты туындаған даулы мәселе төңірегінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетсек, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдындағы есептік кездесуінде терминдер туралы айтқан сөзі қоғамда үлкен дау тудырды. Ол үш мыңнан астам терминнің қайта бекітілгенін айтқан еді.

"Министр бір-екі термин жөнінде ғана айтты. Тілімізге шет тілдерден келген терминдердің барлығын ауыстыру мақсаты қойылып отырған жоқ. Мәселе кейбір терминдер жөнінде ғана. Біз өзіміз күнделікті қолданбайтын, тіпті оның нені білдіретінін көпшілік айыра алмайтын сөздерді де термин ретінде бекіткенбіз. Мәселе осындай терминдерді қайтадан қарау", - деді Мелдешов Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.

Айтуынша, қазіргі жаһандану дәуірі жалпы адамзаттың өмір сүру үлгісін, өзара қарым-қатынасын ортақтастырып жатыр. Соған орай, ғылым, тұрмыс, тұтыну салалары арқылы жаңа атаулар мен терминдер өмірімізге енуде.

"Әлбетте, біз төл табиғатымызды сақтауымыз қажет. Ол мінезімізден, мәдениетімізден, өнерімізден көрініс тауып жатыр. Ал жаңағы терминдер біздің әлемді тануымызға, ғылымды игеруімізге көмектесетін сөздер. Әлемде барлық затты немесе жаңалықты жасайтын жеке дара ұлт жоқ. Адамзат баласы ойлап тапқан жаңалық пен игілік барша адамзатқа ортақ", - деді тіл саясаты комитетінің төрағасы.

Ғалымжан Мелдешов терминдерді бекіту жұмысының ретіне тоқталды. Оның сөзінше, терминдерді бекіту бірнеше кезеңнен тұрады.

Тағы оқыңыз: Назарбаев терминдерді қазақшалаудағы жаңалықтар күлкісін келтіретінін айтты

"Алғашқы кезеңде мекемелер немесе жеке тұлғалар терминкомға ұсыныстарын жібереді. Бұл ұсыныстарда көрсетілген сөздердің беретін мағынасына лингвистикалық сараптау жүргізеді. Сараптау жұмысына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, басқа да ғалымдар тартылады. Екінші кезеңде ұсынылған әрбір сөздің термин ретінде қолданылу барысы әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрік, татар сияқты туыстас түркі тілдерінде және ағылшын, француз, орыс тілдерінде қалай екендігі сарапталады. Үшінші кезеңде бұл ұсыныстар Тіл саясаты комитетінің "TTermincom.kz"  сайтында жарияланады. Мұндағы мақсат оларды көпшілікке кеңінен таныстыру", - деді ол.

Ол өткен жылы осы сайтта арнайы терминологиялық алаң ашылды және бұл алаң әлеуметтік желілерге қосылғанын атап өтті.

"Міне, осындай үш кезеңнен өткеннен кейін ғана ұсыныстар республикалық комиссияға жіберіледі. Білікті ғалымдардан, мамандардан тұратын комиссия олармен алдын ала танысады. Содан кейін барып комиссия отырысы шақырылады. Осы отырыста бекітілуге ұсынылған терминдер талқыланып барып бекітілуге жіберіледі", - деген комитет төрағасы тілге жаны ашитын кез-келген адамның пікірін тыңдауға әзір екендерін айтты.

Жаңалықтар
0