НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым — Sputnik. Ташкент – Алматы бағдарлы рейсін орындаушы Air Astana ұшағы Шымкентке шұғыл қонды. Экипаж қауіпсіздік мақсатында осындай шешім қабылдаған. Оқиға туралы ұлттық әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға түсініктеме берді.
"22 маусымда Ташкент – Алматы бағыты бойынша КС 128 рейсін орындаушы Air Astana әуе компаниясының ұшағы герметизация жүйесіндегі ақауға байланысты сағат 16:15-те Шымкентке қонды", - деп хабарлады Air Astana.
Компания мәліметінше, әуеде жолаушылар кабинасының биіктігі рұқсат етілген нормадан аспаған. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес экипаж ұшақты жақын маңдағы әуежайға қондыруға шешім қабылдапты.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтан маңында ұшақ құлады: апаттың мән-жайы - фото
"Ұшақ штаттық режимде қонды. Зардап шеккендер жоқ. Ақауды іздеу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр", - деп мәлімет берді баспасөз қызметі.
Жолаушылар 22:40-та Шымкент-Алматы рейсімен аттанады.