НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметін енді Дидар Смағұлов атқарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Қасиетті жұманы жаңа лауазымнан бастаймын! Білім және ғылым министрлігінің ұлттық тестілеу орталығына ауыстым. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің шақыруын қабыл алдым! Сырттан сынау оңай, бірдеңені өзің түзету қиынырақ! Маған БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндеті жүктелді", - деп жазды ол Facebook желісінде.
Сондай-ақ, ол бейсенбі күні Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғанын еске салды.
"Қазір жұмыс қауырт! Зор жауапкершілік жүгін сезініп отырмын: ұлттық тесілеу орталығы ҰБТ, талапкерлерді кешенді тестілеу, Қазтест және тағы басқаларды ұйымдастырып жатыр. Кеше ҰБТ басталды: ал бұл 117 мыңнан аса түлек пен олардың отбасыларының тағдыры. Біздің міндетіміз – түлектерге қолайлы жағдай жасау ғана емес, емтихан кезінде әділдікті барынша қамтамасыз ету" – деді Смағұлов.
Жаңа басшы қазақстандықтардан ҰБТ кезіндегі тәртіпбұзушылық фактілері туралы +7 7172 69 50 87 телефон нөміріне хабарлауын сұрады.
Тағы оқыңыз: Жаңа білім министрі жемқорлықпен қалай күресетінін айтты
Айта кетсек, бұған дейін Дидар Смағұлов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеген еді.
Ұлттық тестілеу орталығындағы шу
24 мамырда білім және министрлігіне қарасты ұлттық тестілеу орталығының басшылары парамен ұсталғаны белгілі болды.
Көп ұзамай білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның үстінен іс қозғалды. Ол лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдаланды, пара алды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінді. Вице-министр екі ай мерзімге қамауға алынды.
Тағы оқыңыз: Білім вице-министрінің тестілеу орталығындағы шуға қатысы бар ма?
13 маусымда білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ол бұл қызметте төрт айдай ғана істеді.