НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Елімізде журналистердің, телеоператорлардың, фотографтардың құрметіне жасыл аллея ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шараға 14 БАҚ-тан 40-тан астам журналист қатысты. Сондай-ақ журналистердің құрметіне ашылған жаңа аллеяға "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Виктор Панов, Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің 11 қызметкері қатысты. Олар жаңа аллеяда шырша көшеттерін отырғызды.
Осы орайда Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Шақыруды қабыл алып, журналистер аллеясын ашуға қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – ақпарат және байланыс қызметкерлері күнімен құттықтаймын", - деді ол.
"Россия сегодня" ХАА Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Виктор Панов та журналистерге ізгі тілегін білдірді.
"Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Барлық шығармашылық конкурсқа қатысып, жеңіске жетіңіздер. "Шабыт" байқауы қазылар алқасының мүшесі ретінде сіздер жіберген орыс тіліндегі, тіпті қазақ тіліндегі материалдарды оқуға дайынмын", - деді ол.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда ақпарат және байланыс қызметкерлері күні 28 маусымда аталып өтеді.