НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерге қосымша құрал-жабдықтар берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде сан алуан апаттар кезінде адамдарды құтқаруға арнайы құрал-жабдықтар қажет. Онсыз полицейлер апатқа ұшырағандарды құтқара алмай жатады. Өкінішке қарай, кей кезде өздері де қаза болады.
"Бәріңіз жақсы білесіздер, жақында Атырау облысында бір полицей әйелді құтқарамын деп қаза тапты. Негізі патрульдік көліктерде құрал-жабдықтардың стандартты жиынтығы бар. Ол – медициналық кобдиша, оқиға орнын қоршайтын арнайы ленталар, фишкалар мен апаттық белгілер. Алайда құтқару белдемшесі, арнайы жилеттер, құтқару арқандары, сондай-ақ, есікті керетін және темірді кесетін арнайы құралдар болмаған", - деді Тұрғымбаев бүгінгі есеп беру кездесуінде.
Тағы оқыңыз: Тұрғымбаев сақшыларға жаңа форма кигізу неге кейінге қалдырылғанын түсіндірді
Министр арнайы бұйрықпен тиісті норматив бекітілгенін атап өтті. Соған сәйкес, су қоймалары және басқа да қаупті жерлерде кезекшілік жасайтын патурльдік полиция көліктерінде арнайы құрал-жабдықтар болады.
"Сосын 2012 жылдан бері автожолдарда 40 медициналық құтқару бекеті жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін аталған қызметтің мамандары 9 мың рет жол-көлік апатына шығып, 25 000 адамды құтқарды", - деп атап көрсетті Тұрғымбаев.
Осының арқасында автожолдарда адам өлімі 17 проценттен 10 процентке дейін төмендеген. Бүгінде медициналық құтқару бекеттерінің санын арттыру мәселесі пысықталып жатыр.
"Себебі аталған бекеттердің көмегіне жақын жатқан ауылдардың тұрғындары да жүгінеді", - деп түйіндеді министр.