НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Елордада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түлектерді ҰБТ-ға кіргізу кезінде кідіріс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астаналық түлектер ҰБТ тапсыру үшін университетке таңғы 7:30-да жиналды. Талапкерлерді емтиханға 8:00-де кіргізе бастады. Ал тестілеу 9:00-де басталды.
ҰБТ алдындағы тексеріс барысында жоғарғы оқу орнының күзет қызметі оқушыларға ескерту жасады.
"Бәрі ұялы телефонмен келіп жатыр. Сондықтан тыйым салынған заттарды ата-аналарыңызға, ұстаздарыңызға қалдырыңыздар! Сонда біз сіздерді емтиханға тез кіргіземіз. Өз уақыттарыңызда алмаңыздар", - деді күзет қызметкері.
Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы қалай?
Sputnik Қазақстан тілшісі түлектерден ҰБТ-ға қалай дайындалғанын сұрады.
"Қобалжып тұрмын. Мамандығымды әлі таңдаған жоқпын. Дайындығым жақсы. Дайындық кезінде ҰБТ-дан 90-100 бал жинап жүрдім", - дейді №5 мектеп-гимназияның түлегі Ақбота Нәби.
№8 орта мектепті бітірген Матай Сатыбалдиев уайымдап тұрғанын айтып, тілшінің сұрағына қысқа жауап берді.
"Дайындық кезінде 120-130 балл жинап жүргенмін. Бұл жерден қанша ұпай алатынымды уақыт көрсетеді", - деді ол.
№8 орта мектептің тағы бір түлегі Темірлан Қыпшақбаев болашақ мамандығын таңдап қойыпты.
"140 балл алуға дайынмын. Қосымша курстарға барған жоқпын. Тек мектепте дайындалдым. Қанша балл жинайтынымды уақыт көрсетеді. Логистика маманы болғым келеді. Бесінші пәнім география", - деді талапкер.
Сондай-ақ, түлектерге қолдау көрсетуге келген ата-аналардың арасында бұрынғы мәжіліс депутаты Алдан Смайыл да болды.
"Бүгін екі немерем де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тест тапсырып жатыр. Оларға қолдау көрсету үшін келдім. Дайындықтары жаман болған жоқ. Шамаларынша оқыды, қосымша мұғалімнен сабақ алды. "Немерелерімнің жолы болсын" деп осында келдім", - дейді жазушы.
Талапкерлердің бірінің анасы Гаухар Жаубасова ұлының жоғары балл алатынына сенімді.
"Үлкен ұлым Жанат Оралбайға қолдау көрсету үшін осында келдім. Ол - №54 мектеп-лицейінің түлегі. Біз ҰБТ-ға дайындығымызды өткен жылдың қыркүйегінен бастадық. Бір жыл дайындалдық. Қосымша курстарға да бардық. Сондықтан балам өзіне сенімді", - дейді ана.
ҰБТ-2019 қорытындысын қайдан білуге болады?
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Түлектер республика бойынша 169 пунктіде ҰБТ тапсырады.
ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны – 117 242. Оның ішінде биыл бітірген 96 380 түлек бар. Ал былтырғы түлектер саны – 20 862.
Тағы оқыңыз: Асхат Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге сәттілік тіледі
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, ҰБТ-2019 қорытындысын бірнеше әдіспен білуге болады:
- @edu.gov.kz_bot Telegram-боты;
- edu.mail.kz сайты;
- www.testcenter.kz - ұлттық тестілеу орталығының сайты.
Түлек ҰБТ-дан қанша балл жинағанын білу үшін өзінің жеке кодын енгізуі қажет.