НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым — Sputnik. Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жауынгерді гранатаның жарылуынан құтқарған полковник орденмен марапатталады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
"ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі С.Смицких ерлік жасады. Ол Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалды. Орденмен марапатталатын болады", - деп жазды президент.
ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі С.Смицких ерлік жасады. Ол Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалды. Орденмен марапатталатын болады.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) 20 июня 2019 г.
Елдегі шекара қызметіне қарасты 2027 әскери бөлімі командирінің орынбасары, полковник Сергей Смицких граната лақтыру кезінде қауіпсіздікті сақтамаған жауынгерді құтқарған. Жас жігіт шығыршығын суырып қойған гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Сол кезде полковник Смицких бірден гранатаны жұлып алып, қауіпсіз жерге лақтырған. Жауынгерді өз денесімен жауып қалыпты.
Төтенше жағдай 19 маусым күні Алматы маңындағы полигонда болды.
Граната қауіпсіз жерде жарылды. Дегенмен жертасаның қабырғасын жанап өткендіктен, екі әскери қызметкер де түрлі жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетілді.