Қоғам

Тест бойынша дайындалуға болмайды: ҰБТ-ны сәтті тапсыру жолдары қандай

© Sputnik / Болат ШайхиновҰлттық бірыңғай тестілеу, архивтегі сурет
Ұлттық бірыңғай тестілеу, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл ҰБТ 20 және 30 маусым аралығында өтеді. Барлығы 169 тест тапсыру пункті қарастырылған. ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берді

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Ертең қазақстандық түлектер жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 117 242 адам өтініш беріпті. Оның 96 мыңнан астамы осы жылы мектеп бітірген түлектер. Ал қалған 20 мыңнан астамы колледждер мен шетелдік білім мекемелерін тәмамдағандар.

Түлектер үшін маңызды сын қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі ҰБТ-ты сәтті тапсыру үшін не істеу керектігін біліп көрді.

140 балл жинау үшін не істеу қажет

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 5 пән бойынша 120 тапсырма бар. Алайда талапкерге 140 ұпай жинауға мүмкіндік беріледі. Өйткені кейбір тапсырмаларда бірнеше дұрыс жауап болады. Мәселен, екі салалық пәннің 30 тапсырмасы бар. Оның ішінде 20 тапсырмада 1 ғана дұрыс жауап берілсе, 10 тапсырмада бірнеше дұрыс жауапты табу қажет. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға 3 сағат 50 минут беріледі.

© Sputnik / Владислав ВодневҰлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға келген түлектер
Тест бойынша дайындалуға болмайды: ҰБТ-ны сәтті тапсыру жолдары қандай - Sputnik Қазақстан
Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға келген түлектер

Қазақстандық мұғалімдер тестілеу кезінде "жеңілден ауырға" деген принципті ұстанып, емтиханды оңай сұрақтардан бастау қажеттігін айтады.

Олардың пікірінше, бұл уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әрбір тапсырмаға белгілі уақыт жұмсаған жөн. Мысалы, 40 сұраққа жауап беруге 1 сағат уақыт жұмсалатын болса, онда талапкер әрбір сұраққа 1,5 минут бөлуі қажет. Сондай-ақ ұстаздар түлектерге "тестілеуде біреу көмектеседі" деген ойдан аулақ болу қажеттігін ескертеді.

Білім министрінің кеңесі

Жаңадан тағайындалған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық бірыңғай тестілеуге "шпаргалка" кіргізбеуге кеңес береді.

"Ең бастысы, уайымдамау керек. Сіздер дайындалдыңыздар! Мектепте қажетті білім алдыңыздар. Сондықтан ұйқыны қандырып, емтихан жайлы барынша ойламауға тырысу керек", - дейді министр.

Сондай-ақ ол түлектер тек өз біліміне сену қажет екенін айтады.

Тағы оқыңыз: Биыл Қазақстанда қанша грант бөлінді?

"Мен, ең алдымен, өзіңе сену керек деп санаймын. Тест арқылы емес, бағдарлама бойынша дайындалу керек. Бұл өте маңызды. Тест бойынша дайындалу жеңіліске апаратын жол екенін өз тәжірибемнен білемін", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Психологтар не дейді

Психологтар емтихан кезінде сабырлы болу қажеттігін атап өтіп, оған бір күн қалғанда жақсылап ұйықтап, тамақтанып алу қажеттігін айтады. Сондай-ақ, олар түлектерге мынадай кеңес береді:

  1. Сенімді болыңыз;
  2. ҰБТ тапсыратын кезде қобалжымай, өз ойыңызды жинақтаңыз;
  3. Тестілеу барысында "тапсырманы орындай алмаймын" деген ойдан аулақ болаңыз. Керісінше көз алдыңызға емтиханды қалай сәтті тапсырғаныңызды елестетіңіз;
  4. Емтиханға барарда ыңғайлы киім киіңіз.

Айта кетейік, биыл ҰБТ 20-30 маусым аралығында барлығы 169 тапсыру пунктінде өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген.

Нұр-Сұлтанда тест тапсыруға арналған орындар

Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ өткізу күндері – 20-27 маусым. Қала бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 пункті бекітілген. Олар:

  • Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
  • Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;
  • Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті.

Биыл Қазақстанның бас қаласындағы түлектер саны – 6274. Оның 5856-cы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға тіркелген. Бұл жалпы түлектер санының 93,3%-і.

Жаңалықтар
0