НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есеп беру кездесуі кезінде Семейден келген қыз арнайы дәріні жеткізу мәселесі бойынша арызданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Менің ағам эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан. Ауруы ұстап қалғанда "Реланиум" деген дәрі ғана көмектеседі. Бұрын осы препаратты тегін беріп тұратын. Ал оны сатып алуға мүмкіндік жоқ. Қазір ол дәріні бермей қойды", - деді Семейдің тұрғыны.
"Аталған дәріні 2-8 градуста сақтау қажет. Оны арнайы термоконтейнермен ғана тасымалдауға болады. Негізі, тауар бар. Бәрі қоймада жатыр. Бір жарым-екі айдай уақыт қажет. Тасымалдау мәселесін шешкен бойда Семейге де жеткіземіз", - дейді Шәріп.
Осы кезде министр Біртановтың өзі тасымалдауға жеңіл болған бұрынғы препараттың арнайы температуралық режимде сақталатын жаңа дәріге алмастырылғанына таңғалды.
"Мен түсінбедім, бұрынғы жүйені не үшін қиындатып отырсыздар? Бұл иммунды, я болмаса, биологиялық препарат емес, кәдімгі "Диазепам" ғой. Білуімше, "Сибазон" да, "Реланиум" да "Диазепам"-ға жатады. Сіздер техникалық талаптарға арнайы температуралық режиммен тасымалдауды енгізіп қойған шығарсыздар. Бұрын ондай болған жоқ. Түсінбеймін, жоқ жерден проблема жасап отырсыздар", - деді Біртанов.
Осыдан кейін министр өзінің орынбасары Қамалжан Надыровқа, сондай-ақ, құзіретті комитеттің басшысына бір айдың ішінде тиісті нормативтік актілерді жасап, аталған проблеманы шешуді тапсырды.