Қоғам

"Дені сау сәбиді өмірге әкелдім": ВИЧ жұқтырған астаналық әйелдің әңгімесі

© Sputnik / Александр Кряжев / Медиабанкке өтуИммундық-ферменттік зерттеу зертханасы, архивтегі сурет
Иммундық-ферменттік зерттеу зертханасы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Адамның иммунитет тапшылығының вирусы халық арасында "ВИЧ" деген атаумен кеңінен танымал. Ал осы аурудың асқынған түрі жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы, яғни "СПИД" деп аталады

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Біздің арамызда осы дертке шалдыққан адамдар аз емес. Бірақ олар осы санатқа жататындарын ашық айта алмайды. Себебі қоғам әлі дайын емес. Олар өз ата-аналарына, тіпті балаларына да ішкі сырларын айта алмай жүреді. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген Жайна осы вирусты қалай жұқтырғанын және қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Оның есімін өзінің өтініші бойынша өзгертіп алдық.

"Басым айналып, не істерімді білмедім... "

"Мен бұл вирусқа шалдыққанымды осыдан 11 жыл бұрын білдім. Сол кездегі жағдайымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өте қорқынышты болды. Әдетте ондай ауруға тап боламын деп ойламайсың ғой. Оған қоса, үйде дәрігер туыстарым бар. Спортпен айналыстым, жалпы, өз денсаулығыма да жауапты қарадым. Мен өмірі қатты ауырып көрген емеспін. Бала кезімде өкпенің қабынуы ғана болды", - деп бастады өз әңгімесін Жайна.

Оған ВИЧ диагнозы аяғы ауыр болып жүргенде қойылды. Жайна ауруханаға есепке тұрамын деп, қан анализін тапсырған. Сол кезде белгілі болған.

"Мен кәдімгідей есеңгіреп қалдым. Басым айналып, не істерімді білмедім...Бірақ артынан ішімдегі баламды ойлай бастадым. Соның арқасында тығырықтан шықтым деуге болады. Мен бір нәрсені анық түсіндім. Дені сау баланы дүниеге әкелемін десем, бар күш-жігерімді салуым қажет болды. Содан біраз кітап ақтарып шықтым. Интернетте көп іздеген жоқпын. Бірден дәрігерлерге барып, ақыл-кеңес сұрадым", - дейді Жайна.

Кім кінәлі?

Жайна осы вирусқа қалай шалдыққанын да анықтады. Жолдасы екеуі анализге медициналық сараптама жасатқан. Осы процедура ВИЧ-пен кімнің ерте ауырып қалғанын анықтауға мүмкіндік береді. Соның қорытындысы ер адамның бірнеше жыл бойы ауырғанын көрсетті.

"Күйеуімнің денсаулығы өте жақсы болды. Содан вирустың бар екені бірден білінбеді. Ол өзі де ВИЧ-ке шалдыққанын білмеген. Сосын ер адамдардың бәрі бірдей ғой, сәл ауырып қалса, дәрігерге көрінбейді, дәрі ішіп алады да, жүре береді. Сөйтсе, ол бірнеше жыл бойы ВИЧ-пен жүрген. Ал менің аяғым ауыр болып қалғанда екеуіміз қан тапсырып, вирустың бар екенін білдік", - дейді Жайна.

Бірақ олар некені сақтап қалды. Бала үшін күресуге бел буды. Өкпе-реніштің бәрін артта қалдырып, барлық қиындықты бірге көтеруге шешім қабылдады.
"Ондай жағдайға тап болсам, өзім ғана кінәлімін деген шешімге келдім. Оған ешкім кінәлі емес. Ата-анамызға да айтпаймыз деп келістік. Мен білемін, олар білсе, қатты қиналады, әкем үшін де, анам үшін де үлкен соққы болады", - деді Жайна.

"Қоғам әлі дайын емес... "

Бүгінде Жайнаның ішкі психологиялық тосқауылдарды еңсергені сонша, ата-анасына барғанда емін-еркін отырады. Ал шәйдің үстінде әке-шешесінің қуаныш пен бақытқа толы көздерін көргенде іштей күш алады, осындай сәттер көбірек болса екен деп тілейді.

"Мен екі түрлі өмір сүріп жатырмын. Соған әбден үйреніп қалдым. Өйткені қоғам біз сияқты адамдарды ашық қабылдауға әлі дайын емес. Сосын менталитеміз тағы бар. Бізде туған-туыс көп. Ата-анам да, туған-туыс та ештеңе білмейді", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: ВИЧ-ті енді сілекей арқылы анықтауға болады

Оның айтуынша, кей кезде дәрігерлердің өздері ВИЧ туралы естісе, төбе шаштары тік тұрады. Ондай адамға қолы тисе, вирустың жұқпайтынын, ауа арқылы таралмайтынын біле тұра, ем-дом жасауға қорқады.

"Мысалы, мен қызымды туғаннан кейін бір дәрігердің қарауына бардым. Бізде медициналық картада бәрі жазылып тұрады ғой. Оны көрген дәрігеріміз кабинеттен атып шықты да, қызымды қараудан бас тартты", - деп еске алады Жайна.

"Қызым іштей бәрін сезіп жүр"

Жайна дені сау қызды дүниеге әкелді. Бүгінде ол анасының науқас екенін білмейді. Дегенмен, Жайна уақыт келгенде өз қызымен ашық сөйлесемін деп отыр.

"Уақыт келгенде мен қызыма бәрін айтып беремін. Сол кезде қызым өзі де дайын болатын сияқты. Себебі үйде ВИЧ туралы кітаптар көп. Мен оның көзінше дәрі-дәрмек ішемін. Сондықтан ерте ме, кеш пе, қызым бәрін өзі сұрайтын сыңайлы", - дейді Жайна.

Негізі, ВИЧ-ке шалдыққандардың көбісі бәрін ашық айтқысы келеді. Жайна да айналадағы адамдарға көп нәрсені дәлелдесем екен дейді. Бірақ әлі ерте.

"Мен де бәрін ашық айтуды қалаймын. Айналадағы адамдарға бізбен де өмір сүруге болатынын дәлелдегім келеді. Бірақ мені ұстап отырған екі фактор бар. Біріншісі – менің қызым, екіншісі – менің ата-анам. Адамдар менің ВИЧ-ке шалдыққанымды білсе, алдымен менің жақындарым зардап шегеді. Мен оны анық білемін", - деді ол.

Кинотеатрда инені әдейі қойып кете ме?

Жайна әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын сан алуан ақпаратқа сенбеуге кеңес беріп отыр. Әсіресе, "ВИЧ-пен ауыратындар автобус пен кинотеатрда инені қойып кетеді, осылайша, басқаларға вирусты әдейі жұқтырады" деген хабарламалар шындыққа жанаспайды.

"Негізі, бүгінде ВИЧ-ке қатысты ақпарат көп. Арнайы парақшаларды да таратып жатады. Соның бәрін оқуға болады ғой. Менің таныстарым да кинотеатрға барма деп, байбалам салады. Сондай кезде күлкім келеді. Мен ВИЧ вирусының ауада өмір сүре алмайтынын айтамын. Бір қызығы, ондай хабарламалар қыста ВИЧ-пен күрес күні қарсаңында таратылады ", - дейді Жайна.

Оның айтуынша, мұндай хабарламалар халықтың ВИЧ-пен ауыратындарға деген наразылығын күшейтеді. Содан әлеуметтік желілерде осы дертке шалдыққандарды оқшаулап, арнайы қалаларда шоғырландыру керек деген ұсыныстар жиі айтылады.

"Тіпті, атып тастау керек дейтіндер де бар. Бірақ ондайда біреудің ағасы, енді біреудің қарындасы оққа ұшпай ма? Адамдар маңызды бір нәрсені түсінбейді. Қазір ВИЧ-ке шалдыққандардың бәрі көлеңкеден шығатын болса, олардың ішінде жаныңызда жүрген досыңыз, туысыңыз, ағаңыз, жиеніңіз, тіпті жақын адамыңыз болуы әбден мүмкін", - деді Жайна.

ВИЧ-пен 80 жасқа дейін өмір сүруге болады

ВИЧ-ке тап болған адам өзінің диагнозы туралы естігеннен кейін ауруын жасыруға тырысады. Интернеттен көмек іздейді. Сөйтіп, өзімен-өзі қалады да, үрей мен қорқынышқа салынады. Ондайда адам өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Себебі интернетте жалған ақпарат көп.

"Қазірдің өзінде мен осы ауруға қатысты көп нәрсені білемін деп айта алмаймын. Дегенмен, біраз білімім бар. Сондықтан ВИЧ-ке шалдыққан адамдарға айтарым, интернетке көп сене бермеңіздер. Бірден дәрігерге барыңыздар. Мен өзім соларды ғана тыңдадым, солардың айтқанын ғана істедім. Соның арқасында өмірімді де, баламды да сақтап қалдым", - дейді Жайна.

Ол өзі сияқты адамдармен араласып жүргені де үлкен қолдау екенін жеткізді. Себебі ондай ортада бәрін ашық айтуға болады, іштегі сырларымен де бөлісуге мүмкіндік бар.

"ВИЧ вирусының анықталғанын енді ғана білген адамдарға өте қиын. Ондайда мықты психологиялық көмек керек. Оған біз де атсалысамыз. Ол адам бас кезінде көмектен бас тартады, менде бәрі дұрыс деп отырады. Сол кезде оның қолын алып, "мен де сен сияқтымын" деп айтқанда денесі босап кете береді. "Қалай? Сіз еш ұқсамайсыз ғой?" деп сұрайды. Олар бізді жүдеу, бозарып кеткен деп елестетеді ғой. Мен біздің кәдімгідей адам екенімізді айтамын. Бірақ басқалармен салыстырғанда, денсаулыққа көбірек көңіл бөлуіміз керек. Негізі ВИЧ-мен 80 жасқа дейін өмір сүруге болады", - деді Жайна.

Жаңалықтар
0