НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Мәжілісте сауда және интеграция министрі лауазымына Бақыт Сұлтановтың кандидатурасы келісілді, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.
Мәжілісте экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысы өтті. Үкімет басшысының тапсырмасымен Сұлтановтың кандидатурасын депутаттардың қарауына премьер-министр кеңсесінің жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев ұсынды.
"Бақыт Сұлтановтың мол тәжірибесі бар және қажетті басқару қабілеттеріне ие", - деді ол.
Талқылаудан кейін сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылған Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановтың кандидатурасы келісіліп, комитеттің қорытындысы қабылданды.
Тағы оқыңыз: Бақыт Сұлтанов әкім болған 9 айдың ішінде не істеп үлгерді
Сұлтанов 2018 жылдың 11 қыркүйегі мен 2019 жылдың 13 маусымына дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметін атқарған болатын. Оның орнына Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов тағайындалды.
Жаңа министрлік немен айналысады
Сауда және интеграция министрлігі ұлттық экономика министрлігінің ішкі және сыртқы сауда саясатын қалыптастыру және іске асыру, халықаралық экономикалық интеграция, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ісімен айналысатын болады.
Сондай-ақ, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің техникалық реттеу, стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету қызметін атқарады. Сыртқы істер министрлігінің экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіру функциялары мен өкілеттігі де осы ведомствоға беріліп отыр.