НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым — Sputnik. Бүгін қаржыгер, заңгер, қытайтанушы, экономист Кәрім Мәсімов 54 жасқа толып отыр. Осыған орай Sputnik Қазақстан Қазақстанның премьер-министрі қызметіне екі рет тағайындалған Кәрім Қажымқанұлының өмірі мен еңбек жолына шолу жасайды.
Жастық шағы қайда өтті
Кәрім Мәсімов 1965 жылы 15 маусымда бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келген. Осыдан үш жыл бұрын Кәрім Қажымқанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бірінші сыныпта түскен фотосын жариялады. Сондағы мәліметтерге сәйкес, болашақ үкімет басшысы Целиноград қаласының №1 мектебінде оқыған. Алғашқы мұғалімі – Валентина Миляева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Целиноградта мектеп есігін ашса, түлектер кешін Алматыда атап өтті. 1982 жылы Кәрім Мәсімов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін "үздік" деген бағамен бітіріп шықты. Ал екі жылдан кейін Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетіне түседі. Желідегі оның студент кезіндегі видеосы да бар.
Еңбек жолын Қытайда бастады
Кәрім Мәсімов еңбек жолын КСРО-ның Қытайдағы сауда өкілдігінің құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі қызметінен бастаған болатын. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еңбек министрлігінде сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің басшысы және бас экономист болып жұмыс істеді. Бірақ бір жылдан кейін бизнеске кетіп қалды.
1992 жылы "Қазақпригранторг" фирмасының басшысы, одан кейін "Акцепт" ЖШС директорының орынбасары болды, Қытайдың Үрімші қаласындағы "Қазақинторг" өкілдігінде еңбек етті. Гонконг қаласындағы қазақ сауда үйінің басқарушы директорына дейін өсті. 1995-1997 жылдары үш банк – Алматы сауда-финанс банкі, Тұранәлембанк пен Қазақстан халық жинақ банкін басқарып шықты. Ал 2000 жылы Кәрім Мәсімовтың мемлекеттік қызметтегі карьерасы басталды. Жеті жылдың ішінде ол премьер-министрге дейін көтерілді.
Мәсімов үкіметі не тындырды
Кәрім Мәсімов премьер-министр болған кезде әлемдік қаржы дағдарысы басталды. Содан министрлер кабинетіне дағдарысқа қарсы шараларды даярлау міндеті жүктелді. Осылайша, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленді. Сол кезде үкімет мүшелері жаппай планшет ұстай бастады.
Мәсімов үкімет басқарған тұста жаңа ақша-кредиттік саясат жарияланып, теңге бағамы еркін айналымға жіберілді.
Спортпен айналысқанды ұнатады
Қаржыгер, заңгер, қытайтанушы, экономика ғылымдарының докторы Кәрім Мәсімов орыс, қазақ, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген. Спортпен де шұғылданады. Ол Қазақстандағы муай-тайды дамытуға зор үлесін қосты. Қазақстанның тай боксы федерациясын басқарады. Кәрім Қажымқанұлы марафондарға да жиі қатысып тұрады. Бұдан бөлек, тау шаңғысымен айналысады. Альпинизмге де бейімі бар.
Үйленген. Жұбайы – Дилярам Мәсімова, қызы – Тамила Мәсімова.