НҰР-СҰЛТАН, 15 мауым – Sputnik. Алматыда Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Марзия Тұрлыханова 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы Instagram-да оның ұлы, грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов жазды.
Марзия Тұрлыхановамен қоштасу рəсімі 17 маусымда сағат 10.00-де Алматы қаласындағы Достық спорт сарайында өтеді.
Айта кетейік, 2000 жылдардың басында әнші Рахат Тұрлыханов әжесі Марзия Тұрлыхановаға "Асыл әжем" әнін арнаған еді.
Марзия Тұрлыханова туралы не білеміз
Марзия Тұрлыханова 1940 жылдың 16 ақпанында Шығыс Қазақстан облысында туған, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, білім саласының құрметті қызметкері, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Семей облысының Жарма стансасындағы орта мектепте әдіскер қызметінен бастаған.
1988 жылы Алматыға көшіп келіп, математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастайды, кейін №41 орта мектебінің директоры болды. 1994 жылы №164 көпсалалы гимназияның директоры қызметін атқарды. 1998 жылы Марзия Тұрлыханова "Болашақ" жеке орта мамандандырылған мектебін басқарды. 1999 жылы Қазақстан экологиясының академигі атағын алды, 2004 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.