НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым — Sputnik. Ақмола облысында қол астындағы жұмысшысын ұрып өлтірген фабрика бастығына үкім шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алтын өңдеу фабрикасының директоры Дидар Утешкенов қаңтар айында кәсіпорын лаборанты Динара Аханбаеваның өліміне күдікті есебінде қамауға алынған болатын. Енді 34 жастағы фабрика бастығы сегіз жылға бас бостандығынан айырылады.
Тағы оқыңыз: Түркістан облысында әріптестерін өлтірген инкассатордың танысы қамауға алынды
Сотталушыға "денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушіні өлтірді" деген айып тағылған. Сондай-ақ, марқұмның туыстарына 9 миллион теңгедей моральдық және материалдық шығын өтеуге міндеттелді.
Дидар Утешкенов сотқа онлайн байланыс арқылы қатысып, кінәсін мойындаған жоқ. Соттың шешімін естігенде туыстары шу шығарып прокурорға сес көрсетті.
"Жоғары жаққа шағым түсіреміз. Жылы жауып қоя салмаспыз! Бәріңді құртамыз! Құртамыз", - деп олар айғайлады.
Олардың айтуынша, Дидар Утешкенов лаборант Динара Аханбаеваны өлтірген жоқ, ол көліктен өзі секіріп кетті.
Қаңтар айында болған оқиғаға қатысты кешенді сараптама мен тексерістер көрсеткендей, директор айтқанына көнбеген лаборантты көліктен алып шығып, асфальтқа басын соққан.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында аса ауыр қылмыс ашылды
"Біз әділдік болатынына сендік. Бауырыма қазір осыдан басқа ешқандай жақсылық жасай алмаймыз. Көп пе, аз ба біз үшін кінәсі дәлелденгені жетіп жатыр. Оның бұл өмірде жоқ екендігіне әлі де сенгіміз келмейді. Кішкентай қызы әлі күтіп жүр", - дейді марқұмның әпкесі Әлия Сейітқасымова.
Фабрика бастығына шығарылған үкім әлі күшіне енген жоқ. Олар Жоғарғы сотқа дейін шағымданып, ақтап алғысы келеді.