НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. АҚШ-тың екі азаматы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Біреуі Қазақстанның бұрынғы азаматы болса, екіншісі – АҚШ тұрғыны. Америкалық Кристен Дэниелсон қазақстандық ер азаматты құлай сүйіп, Қазақстанға көшуге бел буыпты. Осында біржолата қалу үшін құжаттарын өткізуді жоспарлап отыр.
"52 жастағы шетелдік азамат облыстық көші-қон басқармасынан көмек сұрады. Әзірше Петропавл қаласында тұруға бір айға тіркеліпті. Америкалық әйел Солтүстік Қазақстан тұрғынымен 2016 жылы танысқан. Сөйтіп, сүйіктісінің отанына қоныс аударуға шешім қабылдаса керек", - деп облыстық полиция департаменті мәлімет берді.
Сонымен қатар, 89 жастағы америкалық зейнеткер Қазақстанға қайтуды жөн көрген. Ол 2004 жылы қызымен бірге Америка Құрама Штаттарына көшіп кетіпті. 15 жылдан соң Солтүтстік Қазақстан облысының тумасы қазақ елінде тұрғылықты тұруға құжаттарын тапсырды.
"Қазақстанда туып-өстім. Фабрикада, автобус паркінде жұмыс істегенмін. Күйеуіммен бірге 6 баланы тәрбиелеп өсірдік. АҚШ-қа 75 жасымда көштім. Жылдар бойы Қазақстанды сағынып жүрген едім. Мұнда туған немелерім мен жиендерім тұрады", - дейді Вера Бурлакова.
Тағы оқыңыз: ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйген афирикалық әйел қалай тұрып жатыр - фото
Облыстық көші-қон полициясы департаментінің хабарлауынша, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу үшін құжаттарды рәсімдеуге 2 ай кетеді.
Айта кетсек, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тұрғылықты тұруға 151 адам қоныс аударды. Оның сегізі алыс шетелден көшіп келіпті.