НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Елорда уақытымен сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда сайлаушылардың 12,8 % дауыс беруге келді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 12,8%-і сайлау бюллетенін алды", - деді Ихданов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Олардың ішінде:
- Ақмола облысы бойынша – 20,5 %
- Ақтөбе облысы – 16,0 %
- Алматы облысы – 17,7 %
- Атырау облысы – 8,5 %
- Шығыс Қазақстан облысы – 15,5%
- Жамбыл облысы – 18,5%
- Батыс Қазақстан облысы – 7,4%
- Қарағанды облысы – 10,1%
- Қызылорда облысы – 11,1%
- Қостанай облысы – 12,8%
- Маңғыстау облысы – 9,7%
- Павлодар облысы – 11,4%
- Солтүстік Қазақстан облысы – 14,2%
- Түркістан облысы – 14,5%
- Нұр-Сұлтан қаласы – 10,3%
- Алматы қаласы – 4,1%
- Шымкент қаласы – 11,9%.
Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңғы 07:00-де жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Айта кетсек, 2015 жылы 26 сәуірде өткен президент сайлауында сағат 10:00 кезіндегі жағдай бойынша сайлау бюллетенін тізімдегі сайлаушылардың 19,17%-і алған.
Тағы оқыңыз: Алғаш болып дауыс берген қазақстандық кім?
Қазақстанда сайлау қалай өтіп жатыр
Орталық сайлау комиссиясы таңғы сағат 08:00-де сайлау учаскелері еліміздің барлық өңірінде ашылғанын хабарлады. Олардың жалпы саны 9920. Оның ішінде 15 шет мемлекетте 17 сайлау учаскесі жұмысын бастаған. Уақыт белдеуіне байланысты Қазақстанның бес өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында сайлау учаскелері елорда уақытымен 08:00-де ашылды.
Тізімге енгізілген сайлаушылар саны 11 миллион 947 мың 995 адамды құрап отыр.
Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті адам таласады:
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.