НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев №115 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аталған учаске Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Опера" театрында орналасқан. Бұл жерде таңата қауіпсіздік шаралары қолға алынып, келген адамдардың бәрін күзет қызметі арнайы құрылғылардан өткізіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауыс беруін түсіруге біраз отандық және халықаралық журналистер келді.
"Бұл – халқымыздың жарқын болашағы үшін таңдау. Меніңше, сайлау – бұл үлкен мереке. Бұл қақтығыстың алаңы емес, бұл - үміткерлердің ұсыныстары мен бағдарламалары бәсекеге түсетін дода. Біздің еліміздің ең басты құндылығы – бұл татулық, бірлік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз ел болып, ұлт болып, осы ең басты құндылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сайлаудың демократиялық болатынына ешқандай күмәнім жоқ. Мемлекет тарапынан, үкімет тарапынан барлық жағдай жасалды. Бүгін азаматтарымыз сайлауға келіп, дауыс беріп, өз белсенділігін білдіреді деп үміттенемін", - деді Тоқаев арнайы баспасөз мәслихатында.
№115 учаскеде бірінші болып дауыс берген сайлаушы – астаналық Әсел Қиянбекова. Ол дәл осы учаскеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың келетінін білмеген.
"Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы жерге келіп, дауыс беретінін білмеппін. Әрине, қуаныштымын. Сайлау - барша қазақстандықтар үшін аса маңызды шара. Бұл - алдағы бесжылдықтың болашағы ғана емес, жалпы келешегіміздің жауапты бір кезеңі, балаларымыздың болашағы. Сондықтан әрбір адам келіп, өз дауысын беруге міндетті деген ойдамын", - деп атап көрсетті Қиянбекова.
Президенттікке үміткерлер
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне жеті кандидатты тіркеді:
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.