Қоғам

Сайлау 2019: бір кабинаға екі адам бірге кіруге бола ма?

© Sputnik / Владислав ВодневСайлау учаскесі
Сайлау учаскесі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кезектен тыс президент сайлауы 9 маусым күні өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Бүгін – сайлауалды үгіт-насихаттың соңғы күні. Ал 9 маусым күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскелердің бірінде болып, дайындық барысымен танысып қайтты.

Кабинаға көмекшімен бірге кіруге болады

Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан сайлау учаскесінің нөмірі – 111. Ол жерде дауыс беретін бірнеше кабинаны орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабина да қарастырылған. Заң бойынша дауыс беру кабинасына тек бір адамға ғана кіруге рұқсат етіледі. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандарға өзімен бірге бір көмекшіні алып жүруге болады. Бірақ ол көмекші сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті атқарушы органның қызметшісі, кандидаттың сенімді өкілі, журналист пен байқаушы болмауы тиіс.

© Sputnik / Айгюзель Кадир№ 111 сайлау учаскесі
Сайлау 2019: бір кабинаға екі адам бірге кіруге бола ма?  - Sputnik Қазақстан
№ 111 сайлау учаскесі

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 680 мың адам бар. Олардың ішінде 500 мыңнан астамы дауыс бере алады.

Тағы оқыңыз: Кандидаттар қандай проблемаларды көтерді?

Сайлау күні комиссия мүшелері сағат 12.00-ден кейін учаскеге келе алмайтын азаматтарды аралап, дауыс жинайды. Ондай мүмкіндік денсаулығына, бала күтіміне, сондай-ақ шалғай орналасуына байланысты шыға алмағандарға беріледі. Бірақ олар 12.00-ге дейін келе алмайтынына қатысты өтініш беруі керек. 

"Бюллетеньді жәшікке салмай кетіп қалатын"

Сайлау күні ұлттық академиялық кітапханаға біраз адам келеді. Қазіргі кезде тізімде 4 864 адам тіркелген. Дауыс беруге келетін адам алдымен сайлау комиссиясының мүшелеріне барып, жеке куәлігін көрсетуі керек. Осыдан кейін оны тізім бойынша тексереді де, қолына бюллетень ұстатады. Сайлаушы дауыс беру кабинасына жалғыз өзі кіреді. Бюллетеньді фотоға түсіруге болмайды.

Тағы оқыңыз: Сайлау бюллетені қандай болады?

Кабинадан шыққаннан кейін бюллетеньді шыныдан жасалған жәшікке салу қажет. Дауыс беру құқығын басқа біреуге тапсыруға болмайды.

"Бұған дейінгі сайлауларда кейбір адамдар бюллетеньді жәшікке салмай, кетіп қалатын. Ондай жағдайлар да болды. Сосын бәрін санағанда ол бюллетеньдер жоқ болып шығатын. Осы жолы сайлаушылардың бюллетеньді жәшікке салғанын жіті бақылайтын боламыз", - дейді учаскелік комиссияның төрайымы Дариға Дәуренбекова.

Бүгінде сайлау бюллетеньдері учаскелік комиссияларға таратылды. Оның көлемі сайлаушылардың жалпы санынан 1 процентке артық болады.

Бюллетеньде барлық кандидаттар әліпби тәртібімен орналасады:

  • Ахметбеков Жамбыл Әужанұлы;
  • Еспаева Дания Мәдиқызы;
  • Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы;
  • Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы;
  • Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы;
  • Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы;
  • Түгел Сәді-Бек.

Бюллетеньде әрбір кандидаттың аты-жөніне қарсы кішкентай квадрат болады. Сол жерге кез келген белгіні қоюға рұқсат бар. Алайда қарындаш қолдануға болмайды. Сайлаушы бір кандидаттан артық белгі қойса, ондай бюллетень жарамсыз болып саналады.

Дауыс санау

Дауыс беру кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Содан кейін бірден дауыс санау шаралары басталады. Сағат 20.00-де сайлау учаскесінің есігі жабылады. Бірақ іште қалған адамдар дауыс беріп, шыға алады.

Тағы оқыңыз: Сайлау күні "Red Bus" туристік автобустарымен тегін экскурсия жасауға болады

Дауыс санау кезінде алдымен қолданылмаған бюллетеньдер есептеледі. Одан кейін тасымалданатын жәшіктер ашылады. Бұдан соң сайлау учаскесінде тұрған жалпыға ортақ жәшік төңкеріледі.

"Біздің учаскемізде халықаралық және жергілікті бақылаушылар отырады. Бұдан бөлек, президенттікке кандидаттардың сенімді өкілдері болады. Дәл осы учаскеде шамамен 50 бақылаушы отырады деген жоспар бар. Залда бейнебақылау камералары орнатылған", - деді Дәуренбекова.

Жаңалықтар
0