НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Жазғы маусымның ашылуына және Қазақстан президенті сайлауының өткізілуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары 9 маусым күні "Red Bus" экскурсиялық автобустарымен сол жағалауда тегін экскурсия жасай алады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экскурсия "AiLand" (океанариум) көңіл-көтеру орталығынан және "Астана-Бәйтерек" монументінен басталады. Экскурсия автобус ішіндегі дыбыс күшейткіштер арқылы қазақ және орыс тілдеріндегі аудиогидтер көмегімен жүзеге асырылады. Бір рейс – қазақ тілінде, екінші рейс – орыс тілінде, ауысу арқылы.
Тағы оқыңыз: Қазақстан полициясы сайлау қарсаңында күшейтілген режимде жұмыс істейді
Экскурсияны белгілі бір тілде ғана тыңдағысы келетіндер өздерімен бірге құлаққап алып келуі керек. Мерекелік тегін серуен кезінде құлаққаптар берілмейді. Барлық сұрақ бойынша call-орталыққа хабарласуға болады: +7 777 555 75 75, 77-90-99, Instagram: @redbus.kz.
"AiLand" аялдамасынан қозғалу уақыты:\сағат 10.00 (орыс тілінде);
- сағат 12.30 (қазақ тілінде);
- сағат 14.45 (орыс тілінде);
- сағат 17.15 (қазақ тілінде);
- сағат 19.30 (орыс тілінде).
Ары қарай келесі аялдамалар болады: "Хан Шатыр" СОО, "Мәңгілік Ел" триумфалды қақпасы, "Нұр-Әлем" сферасы, Ұлттық Музей, "Астана Бәйтерек" монументі және "AiLand" (океанариум) көңіл-көтеру орталығы.
"Астана Бәйтерек" монументі аялдамасынан қозғалу уақыты:
- сағат 10.30 (қазақ тілінде);
- сағат 13.00 (орыс тілінде);
- сағат 15.15 (қазақ тілінде);
- сағат 17.45 (орыс тілінде);
- сағат 20.00 (қазақ тілінде).
Қазақстандағы президент сайлауы
Кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті адам таласады. Олар:
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.
Президент сайлауына 12 067 475 бюллетень дайындалады.