НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Эльмира Суханбердиеваға қатысты екі айға қамауға алу шарасын қолдануға шешім шығарды. Оны қамауда ұстау мерзімі 2019 жылдың 2 тамызына дейін белгіленді", - делінген соттың ресми хабарламасында.
Айта кетсек, кеше, 5 маусым күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеген болатын. Алайда оның есімін жариялаған жоқ.
Тағы оқыңыз: Тестілеу орталығындағы шу: білім министрі отставкаға кете ме?
"Вице-министрге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растаймыз", - деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Эльмира Суханбердиева туралы не білеміз
Эльмира Суханбердиева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, психология ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1989 жылы Ақтау мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастады.
2000 жылы Алматы облысы Іле ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-кадр жұмысының бас маманы болды. Алматыда "Ай-Нұр" жекеменшік лингвистикалық гимназиясының атқарушы директоры, кейін Алматы облысы Іле ауданы № 7 орта мектебінің директоры болып жұмыс істеді.
2007-2009 жылдар аралығында Алматыдағы "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясында басқарушы лауазымдарды атқарды.
Тағы оқыңыз: Білім вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
2013-2016 жылдары Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) білім басқармасын басқарды. 2016 жылдың сәуірінде білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Эльмира Суханбердиева – бесінші шақырылымдағы елордалық мәслихаттың депутаты, білім саласының құрметті қызметкері атағы да бар.
Менеджмент және басқаруға қатысты бірқатар мақаланың авторы: "Білімдегі жаңалықтар", "Білім", "12-жылдық білім", "Білім ұйымы жетекшісінің анықтамалығы", "Қазақстан мектебіндегі тарих", "Қазақ ұстазы", "Астана" және тағы басқалары.